присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Бүлікшілер банкоматтардан алып кеткен ақшаның көлемі жарияланды

20 қаңтар 2022 09:58
Бүлікшілер банкоматтардан алып кеткен ақшаның көлемі жарияланды

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде банкоматтардан жарты миллиард теңге ұрланды. Ал банктерге келген жалпы шығынның көлемі орташа есеппен 4 миллиард теңгеге жетті, деп хабарлады КТК арнасы қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігіне сілтеме жасап. 

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде тоналған банктер мен микроқаржы ұйымдары шығын көлемін әлі есептеп біткен жоқ. Өйткені кейбір банктер тергеуге байланысты бүлінген бөлімшелерге кіре алмай жүр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірге банктерге келтірілген шығындардың алдын ала сомасын жариялады.

Агенттіктің басқарма бастығы Дәурен Нысанбаевтың айтуынша,  банкоматтар мен банк бөлімшелерінің басым бөлігі Алматыда тоналды.

"Банкоматтардан ұрланған жарты миллиард теңгеден бөлек бұзылған банкоматтардың шығыны 1,6 миллиард теңгеге бағаланады. Сондай-ақ 871 миллион теңге тұратын техника жойылды. Банк кеңселері де қиратылды. Оның шығыны - 757 миллион теңге. Бұл сома әлі де өзгеруі мүмкін. Залалдың толық құнын тергеу аяқталғанда жариялаймыз", - дейді Нысанбаев.
Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдары да зардап шекті. Оларға келген шығынның көлемі  шамамен 653 миллион теңгені құрайды.

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бұзақылар көше бойында және банк бөлімшесінің ішінде тұрған банкоматтарды сындырып жарты миллиард теңгені қолды қылған. Алматыдағы филиалдарға 384 миллион теңге, Алматы облысында 140 миллион теңгеге және Қостанай облысында 101 миллион теңгенің мүлкі қираған.

Сарапшылардың айтуынша, банкоматтан ақша ұрлағандарды табуға болады. Себебі әрбір банкноттың сериялық нөмірі бар.

"Әрбір қағаз ақшаның нөмірі бар. Сол бойынша іздеп табуға болады. Бірақ дәл қазір осы жұмыспен ешкім айналыспайды деп ойлаймын. Банктер де банкоматқа салынатын ақшаның нөмірін жазып отырмайтын сияқты. Оған көп күш кетеді. Бұл жерде аудио-видео бақылау құралдары арқылы іздейтін шығар", - дейді экономист Арман Бейсембаев.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру