Қазақстанда «Сайлау туралы» заңға қандай өзгеріс енгізіледі
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңы мақұлданды.
Заң жобасы көздеген басты өзгеріс – енді әйелдер, 29 толмаған адамдар және мүгедек адамдар үшін партиялар ішіндегі 30% квотадан басқа, оларды Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу қажеттілігін бекітуді көздейді.
Министр болғалы бүгін Мәжіліске бірінші рет келген Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, заң жобасын қабылдаудың мақсаты – биліктің өкілді тармағында әйелдердің және жастардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың да қатысуын қамтамасыз ету, олардың пікірін ескеру, оларды мемлекеттің тыныс-тіршілігінде белсенді жұмысқа тарту.
«Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталған саясатты дәйекті түрде іске асырады. Мемлекетіміз саясатты қалыптастыруға халықты тартуға ерекше назар аударады. 2020 жылғы мамырда «Саяси партиялар туралы» Заңға партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізу жөніндегі нормалар енгізілді. Сол кезден бастап саяси партиялар гендерлік теңдік және жастарды қолдау мәселелерін жетілдіруде маңызды рөл атқара бастады. Сайлау тізімдеріне енгізу арқылы жас кандидаттар мен әйелдерді өкілді органдар қатарына қосу мүмкіндігі пайда болды», - дейді Мусин.
Оның айтуынша, бүгін талқыланып отырған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң жобасы әйелдер, 29 толмаған адамдар және мүгедек адамдар үшін 30% квотадан басқа, оларды Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу қажеттілігін бекітуді көздейді.
«Ұсынылып отырған Конституциялық заң жобасы нысаналы топтармен әртүрлі алаңдарда қаралды. Жалпы алғанда, бұл түзетулер әйелдердің, жастардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың еліміздің заң шығару органында өкілдігін кеңейту үшін маңызды қадам болып саналатынын атап өткен жөн. Бұл заңдардың сапасына сөзсіз әсер етеді», - деді Әділет министрі.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ