Қазақстанда соңғы бір жылда азық-түліктің қай түрі қымбаттады
Сәуір айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция 13,2%-ды құрады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, азық-түлік тауарлары бір жылда 17,9%-ға қымбаттады. Атап айтқанда, нан-тоқаш және жарма бағасы 17,9%-ға, оның ішінде қарақұмық ұны – 32%-ға, сондай-ақ жоғары сұрыпты бидай ұны – 22,7%-ға, нан – 14,8%-ға, макарон өнімдері – 23,4%-ға, құс еті – 28,8%-ға өсті.
Көкөністерге келетін болсақ, бір жылда сәбіз – 39,7%, пияз – 52,3%, ақ қырыққабат – үш есе, қызылша – 62,1% қымбаттады. Ал қанттың құны 54,6%-ға өсті.
Сол сияқты азық-түлік емес тауарлардың бағасы бір жылда 11,1%-ға, оның ішінде киім мен аяқ киім 8,1%-ға, жуу және тазалау құралдары – 14,3%-ға, фармацевтикалық өнім 7,6%-ға, дизель отыны – 42,9%-ға өсті.
Өз кезегінде ақылы қызметтер бір жыл ішінде 8,9%-ға қымбаттады. Атап айтқанда, білім беру – 9,3%, қоғамдық тамақтану – 13,9%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары – 11%.
Егер инфляцияны жыл басынан бері қарастыратын болсақ, ол 7,3%-ды құрады. Азық-түлік тауарлары бойынша – 11,6%, азық-түлік емес тауарлар бойынша – 4,9%, қызметтер бойынша – 3,6%.
Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында тұтыну бағаларының жылдық өсімі 12%-ды құрады. Сол кезде азық-түлік тауарлары 15,4%, азық-түлік емес тауарлар 10,9%, қызметтер 8,3% динамиканы көрсетті.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ