Қазақстанның 7 өңірінде көлікті заңсыз есепке қойғандар анықталды
Қазақстанның жеті облысында автокөліктер утильалым мен бажды төлемей, заңсыз есепке қойылған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ішкі істер министрлігі заңсыз әрекеттерге барған полицейлерді анықтау үшін түбегейлі шаралар қолданып жатқанын мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта ІІМ Ішкі қауіпсіздік басқармасы еліміздің жеті облысында көршілес елдерден әкелінген көліктердің Қазақстанға заңсыз тіркелуі бойынша қылмыстық істерді тергеп жатыр", - деді ІІМ криминал полиция департаментінің аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміров.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, соңғы үш жылда екі мыңнан аса көлік заңсыз тіркеліп, мемлекетке 10 миллиард теңгеден астам шығын келген.
"Арнайы операцияның қорытындысы бойынша, ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде Шымкентте жақын шет елдерден кедендік төлемдерді, кәдеге жарату алымын және мемлекеттік бажды төлемей әкелінген көлік құралдарын заңсыз есепке қою схемасының жолын кесті. Қалалық полиция департаменті процессинг орталығының екі қызметкері сот санкциясымен қамауға алынды", - деді ІІМ өкілі.
Ішкі істер министрлігі Шымкентте Қазақстанда заңсыз тіркелген 53 көлікке қатысты мемлекетке 320 миллион теңгеден аса шығын келтірілгенін атап өтті.
"Қылмыстық топтың құрамына делдалдар, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы көмекшілер, жалған сенімхат берген нотариустар болды. Қылмыстық схемаға қатысушылардың барлығы жедел-іздестіру шаралары барысында анықталады", - деп қосты Сағындық Жантеміров.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ