Қызылордада ТМД елдерінде теңдесі жоқ жылу электр орталығы салынады
Елімізде ТМД елдерінде теңдесі жоқ ең заманауи жаңа жылу электр орталығы салынады. Соның бірінің құрылысы Қызылорда қаласында басталады.
Бүгінге дейін Қызылорда қаласындағы электр жылу орталығы 50-60 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Сондықтан электр желілерінің де әбден тозығы жеткен. Бұл электр жүктемесіне салмақ салып отыр. Жақында Қызылорда обсыгыңы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы проблеманы шешу үшін Энергетика министрлігімен тиісті жұмыстарды атқарып, оңтайлы шешім қабылдады. Таяуда қос тарап бірлескен меморандумға қол қойды. Бұл туралы ortcom.kz хабарлады.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен «Акса Энерджи» компаниясының атқарушы комитетінің төрағасының орынбасары Коркут Озтуркмен Сыр елінде бұрын-соңды болмаған заманауи үлгідегі электр орталығының құрылысы басталатын жерге капсула салу рәсіміне қатысты.
Өңір басшысы президенттің тапсырмасына сәйкес мұндай ірі жобаның тек облыс үшін ғана емес елімізге маңызы бар екенін айтты.
«Мемлекет басшысы оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 3 жыл ішінде қуаттылығы 1000 мегаваттан астам электр станцияларын салуды тапсырды.
Осы тапсырма аясында заманауи қондырғылар елімізідң екі өңірінде ғана салынады. Алғаш болып, біздің аймақта іске асуда. Бұл жобаның құны 215 млрд.теңгеден асады. Ол 36 айда салынып бітеді. Осылайша электр станцияны 2025 жылы ел игілігіне беретін боламыз.
Аймақ игілігіне арнап салынатын жаңа нысанның іске асуына ұйытқы болған Энергетика министрлігіне және мүдделік танытқан компания басшысы Коркут Озтүркменге барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымызды жеткіземіз», - деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа нысан энергия жетіспеушілігін едәуір азайтады. Бұл - тәуелсіздік алған жылдары елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни шетелдік инвесторлардың қаржысына іске асырылатын ең ауқымды теңдессіз жоба.
Түрік компаниясының өкілі мұндай ауқымды жобаны іске асыру энергетикалық қауіпсіздікті және тарифті сақтауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Қазақстан болашағы өте зор ел. Біз осы кезге дейін әлемнің бірнеше мемлекеттеріне энергетикалық бағытта ірі жобаларды іске асырдық. Енді Қазақстанда, оның ішінде Қызылорда өңірінде нысанды салуға ниеттіміз.
Біз Қызылордамен жасалған 15 жылдық келісім-шарт негізінде қаланың энергия мен жылу қажеттілігін қамтамасыз ететін боламыз. Бұл орталық энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге ерекше мүмкіндік береді», - деді Коркут Озтуркмен.
Сонымен бірге облыста тағы бір түрік компаниясымен бірге томат өндіретін зауыт салынады. Қазір осы жоба аясында 25-30 млн доллар көлемінде инвестиция тарту бойынша келісімге келу жұмыстары істелініп жатыр.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ