Смайылов мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды тапсырды
Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов індеттің өршуіне байланысты мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды тапсырды.
Премьердің мәліметінше, жыл басынан бері елде індетті жұқтыру деңгейі 21 есеге өскен. Тәулігіне вирустың ең көп таралу жағдайы елордада, Алматы қаласында, Қарағанды мен Атырау облыстарында тіркеліп отыр.
"Біз мұндай жағдайдың боларын болжадық, ең бастысы, барлық өңірде эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстау қажет. Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өңірлерде қосымша шектеу шараларын қабылдады, олар нақты орындалуға тиіс", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Ол бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты алдын алу шараларын бұлжытпай сақтауға шақырды.
"Санитарлық талаптарға неғұрлым салғырт қараудың соңы аурудың соғұрлым өсуіне әкеп соғатынын адамдар түсінуі қажет. Сондықтан мониторингтік топтардың жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Вирустың таралуын азайту үшін науқастарды дер кезінде оқшаулап, адамдардың көп жиналуына жол берілмеуге тиіс", - деді премьер.
Сонымен қатар, Смайылов денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге ауруханаларда қосымша төсек-орын дайындауды тапсырды.
Бұдан бөлек, ПТР-тестілеу деңгейі төмен өңірлерде олардың санын ұлғайту қажет екенін мәлімдеді. Әсіресе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында.
"Елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ревакцинация қарқыны жақсарған жоқ. Демек, бұл мәселеге әкімдер дұрыс қарамай отыр",- деген Смайылов аталған өңірлер бұл жұмысты тездетуді тапсырды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ