присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Жер қойнауын пайдаланушылар шикізатты отандық кәсіпорындарға жеткізуге міндеттеледі

26 сәуір 2022 13:37
Жер қойнауын пайдаланушылар шикізатты отандық кәсіпорындарға жеткізуге міндеттеледі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайыловты еліміздегі импортты алмастырудың дамуы туралы хабардар етті.

ИИДМ басшысы Президенттің тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібін дамытудың қазіргі мүмкіндіктері мен перспективаларына баса назар аудара отырып, нарықтағы импортты дайын өніммен алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыру перспективасы туралы баяндап берді.

«Импортқа тәуелділік деңгейін барынша төмендету үшін тиімді жұмыс жүргізген басқа елдердің тәжірибесін ескердік. Олардың негізгі бағдарламалары мен ел ішіндегі құндылық стратегияларын зерделедік. Осылайша, тауар позициялары бойынша 3 топ анықталды», — деді Қ.Өскенбаев.

Бірінші топқа импортты алмастыруға дайын тауарлар жатады. Қазіргі таңда еліміз бойынша мұндай тауарлардың өндірісі бар. Екінші топ – импортты алмастыруға дайындық деңгейі орташа тауарлар. Бұл жерде қажет өндірістерді іске қосу үшін құзырет жеткілікті, инвесторлар дайын. Аталған топтарға кірген кәсіпорындарды нәтижелі дамыту үшін шикізат, қаржыландыру, қажет мамандар және ұзақ мерзімді келісімшарттармен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізу қажет. Үшінші топқа импортты алмастыруға қатысты дайындығы төмен тауарлар жатады. Негізінде, бұл жоғары технологиялық тауарлар.

«Өңдеу өнеркәсібі салаларында инвестициялық жобалар пулын қалыптастырдық. Аталған жобалар импортты алмастыруға және дайын өнімді экспорттауға бағытталған. Жалпы 700-ге жуық жоба қамтылған, оның ішінде 131-і импортты алмастыратын жобалар. Пулдағы 95 жоба екінші топқа, яғни импортты алмастыруға дайындығы орташа тауарларға жатады. Үшінші топ бойынша 36 жобаны жүзеге асыру үшін тауарлар тізбегі айқындалды. Аталған тауарлар бойынша белсенді түрде инвесторлар іздестірілуде. Биыл 165 жоба іске қосылады, ал қалған 498 жоба 2023-2026 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарлап отырмыз», — деді ИИДМ басшысы.

2022 жылдың негізгі жобаларының қатарында Атырау облысында пропилен өндіретін зауыт салу; Қарағанды облысында автомобиль шиналарын жасайтын зауыттың құрылысы; Ақмола облысындағы алтын өндіру фабрикасы мен Түркістан облысында мұнай өңдейтін зауыттың құрылысы бар. Сондай-ақ Шымкент қаласында алюминий банкілерін өндіру бойынша жоба іске қосылады. Сонымен бірге Шығыс Қазақстан облысында май экстракциялық зауыты; Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндірісін кеңейту жоспарлануда. Алматы қаласында алюминий және биметалл радиаторларының өндірісі іске қосылады.

Министрдің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында импортты алмастыратын жобалар туралы хабарлама жарияланған соң белсенді кәсіпкерлер пулға кіру бойынша министрлікке өтініш білдірді. Байланыс орталығы арқылы кәсіпкерлерге пулға кіру бойынша мамандар тарапынан кеңес берілуде. Айта кетерлігі, министрлікте облыстар бойынша бекітілген және жоба бастамашыларымен тікелей жұмыс істейтін жоба менеджерлерінен тұратын топ бар.

Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін біз бизнесті қолдаудың жүйелі шаралары қатар іске асырлуды, оның ішінде өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстанның Даму Банкін қаржыландыру тетіктері, екінші деңгейлі банктер мен жергілікті атқарушы органдардың қаражатын тарту арқылы іске асыруды ұсынады.

«Бизнестің жол картасы бағдарламасындағы тетіктер қайта қаралатын болады. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың энергия ресурстары мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін жасалады. Импортты алмастыратын жобалар үшін әкімдіктердің қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етулері ұсынылды», - делінген ИИДМ баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, жобаларды нәтижелі іске асыру үшін Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде өзіміздің кадрлар базасын қалыптастыру жоспарлануда.

Өндірістік кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға міндеттемелерді бекітіледі. ҚР ИИДМ ұсынған импортты алмастыру бағдарламасы бекітілгеннен кейін импортты қысқарту жөніндегі жобаларды мониторингтеуге және іске асыруға бағытталатын өңірлік бағдарламалар қабылданады деп болжанып отыр. Бұл жұмысты әкімдіктер биыл қыркүйегіне дейін жүргізуі тиіс.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру