Ұлттық банк банктерге рубльді бір рет елден шығаруға рұқсат береді
Қазақстанның Ұлттық банкі республикада жинақталған ресейлік рубльдің көлемін шетелге бір рет әкетуге рұқсат беру арқылы азайтпақ.
2022 жылдың наурызында 10 мың АҚШ долларынан асатын сомадағы шетел валютасын елден шығаруды шектеу жөніндегі жарлық қабылданды. Шара қолма-қол шетел валютасына алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендетуге және шетел валютасын елден әкету тәуекелдерін ретке келтіруге мүмкіндік берді.
Өңірде ішкі қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін көрші елдер де осындай шаралар қабылдады.
Сонымен қатар Қазақстанның РФ-мен өзара жоғары сауда байланысы салдарынан Қазақстан банктерінде елден әкетуге шектеулер қоюға байланысты қолма-қол рубль жинақталды. Бұған ең алдымен шекара маңындағы сауданың қомақты көлемі, сондай-ақ ЕАЭО-ға қатысушы елдер азаматтарының одақ ішінде туристік және өзге де мақсаттармен еркін жүруі сияқты факторлар әсер етті.
Ұлттық банк үкіметпен бірлесіп жинақталған рубльге қатысты мәселені шешу үшін жарлыққа толықтырулар енгізді, онда екінші деңгейлі банктер үшін қолма-қол рубльді бір рет әкету мүмкіндігі көзделген.
Мәселен, үкімет қаулысының жобасында күшіне енген сәттен бастап 2022 жылғы 31 тамызға дейін 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша кассаларда жинақталған көлем шегінде Ресейдің қолма-қол рублін әкетуге рұқсат беру жоспарлануда.
"Рубльді бір рет әкету аралық шара екендігін және Қазақстан банктерінде Ресейдің қолма-қол рублінің жинақталу проблемасын шешпейтінін түсінеміз. Банктердің қолма-қол рубльді әкетуге тыйым салуды толығымен жою мәселесін қарау сауда ағындарына талдау жүргізуге және жағдайдың тұрақтануына қарай мүмкін болмақ", - делінген хабарламада.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ