Мұнай бағасы барреліне 130 доллардан асты: халықтың жағдайы жақсара ма?
Нарықта «Қара» алтынның бағасы барреліне 130 доллардан асты. Brent маркалы мұнайдың бағасы 2008 жылдан бері алғаш рет барреліне 130 доллардан асып, 2012 жылғы 128 доллар шыңынан асып түсті.
Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Ұлыбритания осы жылдың соңына қарай Ресей мұнайы мен мұнай өнімдерінің импортын тоқтатады. Ал таяуда Джо Байден АҚШ Ресей Федерациясынан энергия импортына тыйым салатынын айтты. Бірақ АҚШ қаржы министрлігі Ресейден мұнай импорттауға салынған тыйымның Қазақстаннан келетін мұнайға қатысы жоқ екенін түсіндірді.
Былтырғы көрсеткіш бойынша Еуроодаққа тасымалданатын шикі мұнайдың 27%, газдың 45% үлесі Ресейге тиесілі екен. Ал Норвегия, Қазақстан және АҚШ елдеріне шикі мұнайдың небәрі 8%-ы, газ импортының Норвегияға 23%-ы, Алжирге 12%-ы, АҚШ-қа 6%-ы, Катарға 5%-ы тиесілі.
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда доллар мен теңгені қозғалысқа келтірген фактордың ешқайсысы іс жүзінде жұмыс істемейді. Бәрі дерлік өзінің негізгі мағынасынан айырылды. Оның үстіне рубльдің құлдырауы валюта бағамына да қысым жасауда.
«Қазір таразыда мұнайдың бағасы қымбаттағаны мен төмен инфляция байқалады. Мұнай бағасының жоғары болуы бюджетке түсетін түсімді арттырады. Меніңше, алдағы уақытта мұнай бағасы көтеріле береді және жыл соңына дейін барреліне 200 долларға жетуі мүмкін», - деді сарапшы.
Оның айтуынша, көп ұзамай ОПЕК+ барлық шектеулерді толығымен алып тастайды. Сұраныс жоғары, ұсыныстар аз, баға көтеріледі. Десе де, сарапшы мұнай бағасының қымбаттауы теңгеге айтарлықтай әсер етпейтінін айтады.
Қазақстандық мұнайдың барлығы дерлік Ресей арқылы экспортталады. Айта кетерлігі, мұнай экспортының үш негізгі бағыты бар. Ең негізгісі – Каспий мұнай құбыры консорциумы (КҚК). Оның қуаттылығы 2021 жылы 67 млн т/Г дейін жеткен, бұл бағытта 53 млн тонна мұнай экспортталды. Бұл барлық сыртқа шығарылған мұнайдың 79%-ы. КҚК негізгі акционерлері Ресей (31%), Қазақсан (21%) және Chevron (15%).
Екінші бағыт – Атырау-Самара мұнай құбыры. Оның қуаттылығы 17,5 млн т/Г құрайды, өткен жылы 12 млн тонна мұнай экспортталды. Бұл барлық экспорттың 18%-ы. Акционері – «Транснефть».
Үшінші бағыт – Қазақстан-Қытай құбыры. 2019 жылдан бастап осы бағыт бойынша экспортталатын мұнай көлемі 1 млн тоннаға шамалас. Барлық экспорттың 1%-на да жетпейді. Акциолары 50% Қазақстанға және 50% Қытайға тиесілі. Қалған 2 млн тонна мұнай (экспорттың 3%) Ақтау порты арқылы жөнелтіледі.
Экономист Мақсат Халықтың да айтуынша, мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасына оңтайлы әсерін тигізеді.
«Ресейге қатысты Ирандағы жағдай қайталанып отыр. Ресей әлемде үлкен орны бар мұнай ойыншысы еді. Енді әлем бойынша шикізатқа тапшылық туындап, салдарынан баға қымбаттап жатыр. Алдымен, төлем баланысында импорт пен экспорт та бізде айырмашылық болатын. Бұл тапшылық минус 6 млрд долларға дейін жеткен кезі болды. Бұл теңгемізге айтарлықтай қысым жасайды. Біздің өзге елдерден сатып алатын тауарларымыздың үлесі экспорттан әлдеқайда көп болды. Енді бұл көрсеткіш жақсарады. Тіпті, жазға қарай теңге құны артуы мүмкін деген болжам бар. Белгілі бір дәрежеде Қазақстанның ЖІӨ-де өсім болады. Мұнайдан түсетін салықтық түсімдер де ұлғаяды», - дейді Мақсат Халық.
Оның айтуынша Ұлттық қордың түсімі мұнай бағасының өсуі есебінен 2 трлн теңгеге артады. Енді осы қаражатты халықтың әл-аухатын арттыруға жұмсау мәселесі аса маңызды болмақ.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ