СІМ Ресей-Украина қақтығысына ҰҚШҰ күштерінің қатысуы туралы пікір білдірді
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) күштерінің Ресей-Украина қақтығыс аймағына қатысуы мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын айтты.
"Қазақстан халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес мемлекеттердің аумақтық тұтастығы және егемендік теңдігі қағидаттарын ұстанады. Тұтастай алғанда ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағы ұйымға мүше мемлекеттердің халықаралық танылған аумақтарымен нақты белгіленген және Ұжымдық қауіпсіздік осы аумақтар шегінде қамтамасыз етіледі. Осылайша, Ресей-Украина қақтығыс аймағына ҰҚШҰ-ның қатысуы мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ", - деді ол.
Сондай-ақ, Смадияров ЛХР, ДХР квазимемлекеттік аумақтарының, Украинаның Запорожье және Херсон облыстарын Ресейге қосу туралы өткен референдумдар бойынша Қазақстанның ұстанымын айтты.
"Біздің ұстанымымыз өзгерген жоқ. Бұл мәселеде Қазақстан халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт өмір сүру қағидаттарын ұстанады. Біз Ресей мен Украина арасында саяси диалог орнатуға барынша дайын екенімізді тағы да растаймыз. Бұл ретте біздің еліміз жаһандық деңгейде тұрақтылықты сақтауды аса маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біздің ұстанымымыз өзгерген жоқ", - деді СІМ өкілі.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ