Дәулеталин Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің бас хатшысы болып сайланды
Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі (ОАЕКК) мүшелерінің бірауыздан қабылданған шешімімен Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин осы ұйымның Бас хатшысы болып сайланды.
Бұл туралы шешім осы күндері Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан ОАЕКК-нің екінші отырысында қабылданды.
ҚРКФ медиаорталығының хабарлауынша, халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі бағдарламалар үйлестірушісі Анна Сальникова әлеуметтік әріптестік жүйесінде аймақтағы кәсіподақтардың рөлін күшейту әлемдегі геосаяси процестерден туындаған экономикалық дағдарыс ықпалының жағымсыз салдарын жеңілдететінін атап өтті.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар Орталық Азия аймағындағы жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен еңбегін қорғау мәселелерін талқылап, кәсіподақтардың қоғамдық бақылау институтын дамыту тәжірибесімен бөлісті.
Кеңес отырысында жаңадан сайланған ОАЕКК бас хатшысы – Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне сенім білдіргені үшін алғысын білдіріп, Орталық Азия аймағында кәсіподақ қозғалысын әрі қарай да жүйелі түрде дамыту үшін бар күш-жігерін салатынын баса айтты.
Біздің мемлекеттеріміздің халықтарының тарихи тамыры ортақ, бауырластық және тату көршілік қатынастары бар. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі Орталық Азия аймағындағы 15 миллионнан астам жұмыскердің лайықты еңбек стандарттары мен әділ жалақыға қол жеткізу жолындағы ынтымағын нығайтуға және халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етуге ниетті. Біз бірігіп Кеңес мүшелеріне ортақ мақсат – Еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын қорғауды көздеп отырмыз. Мен өз тарапымнан Кеңес бастамаларын халықаралық кәсіподақ қозғалысының барлық алаңдарында ілгерілету үшін өз білімім мен тәжірибемді жұмсаймын, – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Еске салайық, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі 2021 жылдың қарашасында үш мемлекеттің – Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның ірі кәсіподақ бірлестіктерін біріктіру туралы бірлескен шешімнен кейін құрылған болатын.
Кеңестің мақсаты – еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек, кәсіптік, экономикалық және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін, кәсіподақтардың құқықтары мен кепілдіктерін қорғау бойынша ОАЕКК мүшелерінің іс-әрекеттерін біріктіру.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ