присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Мәжіліс таратылды: сайлау өтетін күн белгілі болды

19 қаңтар 2023 16:39
Мәжіліс таратылды: сайлау өтетін күн белгілі болды

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 19 қаңтардағы жарлығымен жетінші сайланған Мәжілісті таратып, Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындады.

Мемлекет басшысы Парламент мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы саяси бәсекені күшейтетінін айтты.

«Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады. Сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді», - деді президент

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады.

«Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі», - деді Тоқаев.

Президент сайлау науқаны елдегі саяси мәдениеттің жоғары екенін көрсетіп, қоғамды ұйыстыра түсетініне сенім білдірді.

«Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» қағидаты толық іске асады», - деді ол.

Сондай-ақ қазақстандықтарды азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырды.

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, биыл Қазақстанда Мәжіліс пен жергілікті мәслихат сайлауын өткізуге 33,4 млрд теңге бөлінеді.

Бұл қаржы саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша және бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша жаңа аралас сайлау жүйесін енгізуді ескеріп есептелді.

Айта кетейік, былтыр Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауына 20,5 млрд теңге бөлінген еді.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру