Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы сайланды
Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі мүшелерінің шешімімен ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин осы ұйымның Бас хатшысы болып сайланды. Бұл туралы шешім Ташкентте өтіп жатқан ОАЕКК-нің екінші отырысында қабылданды.
«Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі Орталық Азия аймағындағы 15 миллионнан астам жұмыскердің лайықты еңбек стандарттары мен әділ жалақыға қол жеткізу жолындағы ынтымағын нығайтуға және халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етуге ниетті. Біз бірігіп Кеңес мүшелеріне ортақ мақсат – еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын қорғауды көздеп отырмыз. Кеңес бастамаларын халықаралық кәсіподақ қозғалысының барлық алаңдарында ілгерілету үшін өз білімім мен тәжірибемді жұмсаймын», - деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сондай-ақ, отырыста Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтары көшбасшыларының отырысында ұйымға жаңа мүшелер – Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы мен Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясының жіберген өтініштеріне сәйкес мүшелікке енгізу туралы шешім қабылданды.
Кеңес мүшелеріне арналған сөзінде Халықаралық Еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас Халықаралық Еңбек ұйымының (ХЕҰ) Орталық Азия кәсіподақтарын қолдаудағы басымдықтарын айтты және ұлттық кәсіподақ орталықтары мен жалпы Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің бастамаларын ілгерілету мен дамытуда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін атап өтті.
Өз кезегінде, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі бағдарламалар үйлестірушісі Анна Сальникова әлеуметтік әріптестік жүйесінде аймақтағы кәсіподақтардың рөлін күшейту әлемдегі геосаяси процестерден туындаған экономикалық дағдарыс ықпалының жағымсыз салдарын жеңілдететінін айтты.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар Орталық Азия аймағындағы жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен еңбегін қорғау мәселелерін талқылап, кәсіподақтардың қоғамдық бақылау институтын дамыту тәжірибесімен бөлісті. ҚР Кәсіподақтар федерациясының осы бағыттағы қызметі туралы ҚРКФ аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш айтып өтті.
«2021 жылы қауіпсіз еңбек жағдайларына бақылауды жетілдіру мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке және Еңбек министрлігіне еңбекті қорғау жөніндегі техникалық еңбек инспекторларының мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру, мемлекеттік еңбек инспекторларының санын ұлғайту және олардың өкiлеттiктерiн жергiлiктi атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне беру, «мемлекеттiк еңбек инспекторы – еңбектi қорғау жөнiндегi техникалық инспектор» нысаны бойынша бiрлескен тексерулер ұйымдастыру және кәсiптiк аурулар мен улану жағдайларын тергеп-тексеру тәртiбiн белгiлеу бойынша ұсыныстар енгізді. Қоғамдық бақылауды күшейту және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесін арттыру жөніндегі біздің ұсыныстарымыз Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарында және 2030 жылға дейін қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында көрсетілген», - деді Нұрлыбек Жұмаш.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі 11 696 өндірістік кеңес құрылды, оның 9 223-і кәсіподақтардың бастамасымен болса, республикадағы еңбекті қорғаудың жай-күйіне қоғамдық бақылауды 17 994 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жүзеге асырады. Өткен жылдың өзінде еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар 61 515 тексеру жүргізіп, оның барысында еңбекті қорғау заңнамасын бұзудың 115 481 фактісі анықталып, оның 112 941-і жойылды, инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 27 528 жұмыс орнын аттестациялауға қатысты.
Еске салайық, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі 2021 жылдың қарашасында үш мемлекеттің – Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның ірі кәсіподақ бірлестіктерін біріктіру туралы бірлескен шешімнен кейін құрылған болатын. Кеңестің мақсаты – еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек, кәсіптік, экономикалық және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін, кәсіподақтардың құқықтары мен кепілдіктерін қорғау бойынша ОАЕКК мүшелерінің іс-әрекеттерін біріктіру.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ