Зеленский Украинаның Қазақстандағы елшісін қызметінен босатты
Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийді қызметінен босатты
Зеленский қол қойған жарлық Украина президентінің ресми сайтында жарияланды.
«Петр Юрьевич Врублевский Украинаның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылсын», - делінген жарлық мәтінінде.
Айта кетейік, бұған дейін Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Петр Врублевский қазақстандық блогер Диас Құзайырға берген сұқбатында «Орыстарды барынша қырып-жою керек. Қазір біз мейлінше олардың көзін жойсақ, ертең біздің ұрпағымыз қан төкпейтін болады» деген пікір айтқан.
Кейін Петр Врублевский дөрекі сөздері үшін кешірім сұраған.
2022 жылдың 4 қазанында Ресейдің сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы Украина елшісі Петр Врублевскийдің Астанаға қайта оралып, елшілік жетекшісі ретінде дипломатиялық кездесулерге қатысып жүргеніне назар аударды.
«Бұл адам Қазақстанның астанасында қайта пайда болды. Ол «жүгін жинап, отбасын алып кету» үшін келмегені көрініп тұр. Ешкімнен жасырынбай дипломатиялық кездесулерге қатысып жүр. 4 қазанда Ресей сыртқы істер министрлігі Қазақстан елшісі Ермек Көшербаевты шақыртып алып, бұндай жағдайдың қолайсыз екенін мәлімдеді», – деді Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова.
Содан кейін СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарованың мәлімдемесіне түсінік берді.
«Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің айтуынша, Ресейдің Украина елшісін Қазақстаннан шығару туралы мәлімдемесі қос елдің одақтастық сипатына қайшы келеді. Украина тарапына, сондай-ақ жұртшылыққа Петр Врублевский мырзаның арандатушылық мінез-құлқына қатысты Қазақстан сыртқы істер министрлігінің принципті ұстанымы жеткізілген. Сондай-ақ Украина тарапына Петр Врублевскийдің қазақстандықтардың, әсіресе этникалық орыстардың сезімдеріне нұқсан келтіретін мәлімделері туралы айтылды. Қазір Украина сыртқы істер министрлігінен Астанаға жаңа елші тағайындау туралы өтініш келіп түсті», - деді Айбек Смадияров.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ