Үш аптаға созылған жауын-шашын: Қазақстанда астықтың 60%-ы жиналған
Үш аптаға созылған жауын-шашын салдарынан Қазақстанда астық сапасы төмендеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
Биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналатын алаң – 17,3 млн гектар.
Бүгінде республика бойынша барлығы 6,9 млн гектар немесе 40,0% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. 6,6 млн тонна астық бастырылды, орташа өнімділік гектарынан – 9,5 центнер. Былтыр осыған ұқсас кезеңде 11,6 млн гектар немесе 72,8% жиналған еді, - деді министр Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, егіс науқаны оңтайлы аграрлық мерзімде жүргізілген. Жазда ауа-райы елдің көп бөлігінде қалыпты жағдайда болған. Егін жинау науқанына дайындық кезеңінде техниканың дайындығы, жеңілдетілген жанар-жағармай 100% қамтамасыз етілген. Алайда мәселелер де бар.
Негізгі астық егетін аймақтарда 3 аптадан аса уақытқа созылған ұзақ жауын-шашын кесірін тигізді. Бұл астық сапасына әсер етіп, астықтың өніп кетуіне, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға және дәнді дақылдардың төмен өнімділігіне әкелді, - деді Айдарбек Сапаров.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша ауа-райынан зардап шеккен өңірлерде барлық мүдделі орган мен ұйымды қоса отырып, келтірілген зиянның ауқымын айқындау үшін жұмыс комиссиялары құрылған.
Жұмыс комиссиялары еліміздің зардап шеккен аймақтарына барып, егін жинау жұмыстарының барысына талдау жүргізді. Әкімдіктердің дерегі бойынша 2,7 млн гектарда немесе 15% алаңда дәннің өніп жатқаны байқалады.
Орташа өнімділік былтырғы деңгеймен салыстырғанда (гектарына 2,7 центнер) төмен екендігін айта кету керек.
Қазіргі уақытта облыстарда барлық егін жинау техникасы жаппай егістіктерге шықты, егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр», - деді ведомство басшысы.
Комиссия жұмыстарының қорытындысы бойынша фермерлерді қолдау үшін төмендегідей шаралар қабылданды:
Энергетика министрлігімен бірлесіп, астықты кептіру үшін дизель отынын бөлу мәселесі пысықталды. 18 қыркүйектен бастап ақпараттық жүйеде өтінімдерді қабылдау басталды. Әкімдіктердің деректері бойынша дизель отынына жалпы қажеттілік – 73 мың тонна, оның бағасы литріне 250 теңгеден аспауы қажет.
Барлық элеватордың күні-түні жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды. Астық кептіру тарифтерінің өсуіне жол бермеу өте маңызды.
«Бәйтерек» холдингі ҚазАгроҚаржы филиалдарына фермерлердің стационарлық және жылжымалы астық кептіргіштерді лизингке алуға арналған өтінімдерін жылдамдатып қарауды тапсырды.
Жиналған өнімнің сапасының төмендігіне байланысты тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі өткір болып тұр. Осыған байланысты Азық-түлік корпорациясы тұқым қорын қалыптастыру үшін қолда бар астық қорларының тұқым ретінде пайдалануға жарамдылығына сараптама жүргізуді бастады.
Азық-түлік корпорациясының желісі бойынша астықты жеткізу мерзімі биыл 1 қазаннан 1 қарашаға дейін ұзартылды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов егін жинау Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
«Биыл еліміздің егіншілері үшін қолайсыз болды. Жаздың 2 айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Әрине, бұл астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді.
Дегенмен, егін жинау науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін барлық шара қабылданды.
Қазір егін орағының нағыз қызған шағы. Жұмыс қарқынын арттыра түсу қажет. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан осы уақытта барынша үлгеріп қалу керек», - деді Әлихан Смайылов.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ