Қырғызстанда мемлекеттік қызметкерлерді қырғыз тілін білуге міндеттейтін заң шықты
Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров мемлекеттік қызметкерлерді қырғыз тілін білуге міндеттейтін заңға қол қойды.
Қырғызстан Парламентінің депутаттары биыл мамыр айында мақұлдаған заң бойынша, бұдан былай мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен мекемелерде қырғыз тілін қолдану міндетті саналады. Барлық мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, ұлттық банк қызметкерлері, күш құрылымдары, сот, прокуратура, адвокаттар, нотариустар, оқу орындарының қызметкерлері, медицина қызметкерлері мемлекеттік тіл – қырғыз тілін білуге және қызмет міндетін орындау кезінде пайдалануға тиіс, – делінген Қырғызстан президентінің ресми сайтында.
Ақпарат құралында хабарланғандай, бұл заң меншік түріне қарамастан телерадиокомпанияларды бағдарламаның кемі 60 пайызын қырғыз тілінде жүргізуге міндеттейді. Бірлескен компаниялар мен шетелдік компаниялар атауы қырғыз тіліндегі транслитерациямен жазылуға тиіс.
Заңда орыс тілі Қырғызстанда ресми тіл ретінде қолданылатыны көрсетілген.
Қырғызстанда мұндай заңды қабылдау мәселесінің талқыланғанына 10 жылдан асты. Мемлекеттік тіл туралы заңы 1989 жылы қабылданған. 2004 жылы өзгеріс енгізілгенмен, көптеген пункттерінің қайшылықтарына байланысты орындалмаған.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ