Олимпиада жолдамасына төрт таеквондошы таласады
15-16 наурыз аралығында Қытайдың Тайань қаласында таеквондодан Париж Олимпиадасына жолдама тарататын Азия аймақтық іріктеу турнирі болады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.
Құрлық додасына 33 елден келген 96 спортшы қатысады. Турнирге Қазақстаннан жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022), Спартакиада жеңімпазы, 17 жастағы Батырхан Төлеуғали (80 келі), Самирхон Абабакиров (58 келі) қатысады. Самирхон – 20 жаста. Ол Олимпиада рейтингінде 39-орында тұр. Сонымен бірге, VІ жазғы Спартакиадасының жеңімпазы, Олимпиада рейтингінде 44-орында келе жатқан 19 жастағы Мария Севостьянова (57 келі) мен Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері, Олимпиада рейтингінде 14-орында тұрған 33 жастағы Жансель Дениз (+67 келі) күш сынасады.
Тайаньдағы турнирде әр салмақта финалға шыққан спортшыларға лицензия беріледі.
Алғашқы жарыс күні ерлер 68, 80 келіге, ал әйелдер 49, 67 келіге дейінгі салмақта жолдамаға таласады. Ұлттық құрама сапынан ертең тек Батырхан Төлеуғали даянгқа шығады. Ол жеребе тарту кезінде В тобына түсті. Батырхан бірінші айналымда Акшай Худамен (Үндістан) күш сынасады. Жеңіске жетсе, жартылай финалда оған Индонезия немесе Сауд Арабиясының таеквондошысы қарсылас болады.
Барлығы 80 келіге дейінгі салмақта 9 спортшы бар. Бүгін олар ресми салмақ өлшеуден өтті.
Дайындығым жоспарға сай өтті. Турнирге дайынмын. Иә, бұл жарыстың орны бөлек екені айтпаса да түсінікті. Олимпиялық ойындарда бақ сынау – кез келген спортшының арманы. Ертең барымды саламын. Үндістандық спортшымен алғаш рет жолығайын деп тұрмын, – деді Батырхан Төлеуғали Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Қытайдағы жарыс кезінде Париж Олимпиадасының жолдамасына әр салмақта финалға шыққан екі спортшы ие болады.
Қазақстан 2004 жылдан бері Олимпиадаға таеквондодан тұрақты түрде спортшы апарып келеді. Осы уақытқа дейін еліміз Олимпиадада бір жүлде алды. Бейжің Олимпиадасында Арман Шылманов қола медальді иеленді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ