Ақтөбеде есірткі саудасынан түскен 400 млн теңгеден астам қаржыны криптовалютаға аударған топ әшкереленді
Ақтөбе облысында есірткі сататын интернет-дүкеннің қаржылық операцияларын қамтамасыз еткен қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Күдіктілер есірткі саудасынан түскен ақшаны қабылдап, кейін криптовалютаға айырбастап отырған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, топты Ақтөбе қаласының тұрғыны ұйымдастырған. Ол әлеуметтік желі арқылы ақша айырбастау қызметін ұсынатын топ құрып, өзіне жеті танысын қосқан. Қатысушылар арасында міндеттер бөлініп, жұмыс күндізгі және түнгі ауысыммен жүргізілген. Соның арқасында ақша қабылдау операциялары тәулік бойы тоқтамаған.
Есірткі сататын интернет-дүкеннің операторлары сатып алушыларды төлем жасау үшін осы топқа бағыттап отырған. Қаражаттың түскені расталған соң клиенттерге есірткі жасырылған орындардың мекенжайы жіберілген.
Тергеу мәліметтері бойынша, топ күн сайын 50-70 төлемге дейін қабылдаған. Қаржылық операциялар үшін дропперлердің атына рәсімделген 22 банк картасы пайдаланылған.
Кейін жиналған қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасын ұйымдастырушылардың криптоәмияндарына аударылған. Аударымдардың жалпы көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Бұл 400 миллион теңгеден астам қаражатты құрайды.
Қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікпен оның жетекшісі қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге деректерін жария етпеді.
USD