Колумбияда заңсыз алтын кенішінің опырылуынан 14 адам қаза тапты
Колумбияның оңтүстік-батысындағы Нариньо провинциясында заңсыз алтын өндіретін кеніш опырылып, 14 адамның өмірін қиды. Тағы жеті адам жарақат алды. Қайғылы оқиға Санта-Барбара-де-Искуандэ муниципалитетінің ауылдық аумағында болған.
Нариньо провинциясының губернаторы Луис Альфонсо Эскобардың мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталған. Оқиғадан кейін ол ұлттық билік пен тиісті мемлекеттік органдарды заңсыз және шағын кеніштерді заңдастыру үдерісін жеделдетуге шақырды.
Губернатордың пікірінше, бұл шара кеншілердің еңбек жағдайын жақсартып, өндіріс орындарындағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірде мұндай қайғылы жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Тамыз айында Нариньо провинциясының Поликарпа қаласындағы кеніште болған апат салдарынан 13 адам қаза тапқан.
Колумбияның ауылдық аймақтарында пайдалы қазбаларды рұқсатсыз өндіру кең таралған. Мұндай кеніштердің көпшілігінде қажетті қауіпсіздік инфрақұрылымы мен тиісті қорғаныс шаралары жеткіліксіз. Соның салдарынан опырылу және басқа да өндірістік апаттардың орын алу қаупі жоғары.
USD