Мессенджерлерде алаяқтықтың жаңа түрі таралуда. Қаскөйлер қолданушыларға балалар байқауына қатысып жатқан балаға дауыс беруді сұрап, сілтеме жібереді. Алайда мұндай сілтемеге өту жеке аккаунттың бұзылуына әкелуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысының полициясы хабарлағандай, алаяқтар көбіне таныстардың атын жамылып, «Сашаға дауыс берші» немесе «Біздің қыз байқауға қатысып жатыр» деген мазмұндағы хабарламалар жібереді. Баланың аты мен хабарлама мәтіні өзгеруі мүмкін, бірақ көздеген мақсаттары бір — басқа адамның аккаунтына қол жеткізу.
Аккаунтты иемденгеннен кейін алаяқтар оның байланыс тізіміндегі адамдарға хат жазып, ақша сұрай бастайды. Мәселен, кешке дейін қайтаруға уәде беріп, 80 мың теңге қарызға аударуды өтінуі мүмкін. Кей жағдайда олар күтпеген қаржылық қиындыққа тап болғанын айтып, ақша аударуға арналған деректемелерді жолдайды.
Бұл уақытта аккаунттың шынайы иесі өз парақшасына кіре алмай қалуы мүмкін. Оның үстіне, алаяқтардың атынан ақша сұрап жатқанынан да бейхабар болуы ықтимал.
«Солтүстік Қазақстан облысында осы тәсілмен жасалған 14 алаяқтық фактісі тіркелді. Мұндай қауіп кез келген мессенджерде, соның ішінде кеңінен қолданылатын WhatsApp-та да бар. Танысыңыздың аккаунты бұзылуы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Сондықтан адамға сенсеңіз де, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Оған әдеттегі телефон байланысы арқылы хабарласып, хабарламаны шынымен өзі жіберген-жібермегенін анықтаңыз», — деді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.
Полиция қызметкерлері суретке қатысты күмәнді сілтемелерден де сақ болуға шақырады. Мысалы, алаяқтар «Мына суреттегі сен емессің бе?» деген хабарлама жіберуі мүмкін. Мұндай сілтемелер зиянды бағдарламалары бар сайттарға бағыттауы ықтимал.
Құқық қорғау органдары азаматтарға байқауға дауыс беру туралы өтініш немесе шұғыл ақша аудару жөніндегі хабарлама келген жағдайда, алдымен жіберушімен телефон арқылы байланысып, ақпаратты тексеруге кеңес береді. Тіпті хабарлама жақын адамның аккаунтынан келсе де, оның қауіпсіз екеніне көз жеткізбей, сілтемені ашпаған жөн.
USD