Қазақстандық параспортшылар Азия ойындарында төрт алтын медаль жеңіп алды
Жапонияда өтіп жатқан Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, бір күнде төрт алтын медаль иеленді. Сонымен қатар отандық спортшылар күміс және қола жүлделерге де қол жеткізді.
Пара дзюдодан Ақтолқын Сейілбекова J1 санатында 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қарсыластарының бәрін жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. Спортшы айналмалы жүйе бойынша өткен белдесулерде үздік нәтиже көрсетті.
Осы спорт түрінен Зарина Раифова да топ жарды. Ол J2 санатында 70 келіден жоғары салмақта төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Осылайша Қазақстан қоржынына тағы бір алтын медаль түсті.
Велоспорттан Наиль Ермұханбет 20 шақырымдық жарыста мәреге бірінші болып жетті. Ол B санатындағы қашықтықты 34 минут 09,17 секундта бағындырды. Бұл сайыста Қазақстанның тағы бір өкілі Кирилл Илюкевич 35 минут 26,64 секунд нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.
Әйелдер арасындағы веложарыста Анастасия Калаус та жеңіс тұғырынан көрінді. Ол B санатында 15 шақырымды 32 минут 21,54 секундта жүріп өтіп, алтын медаль жеңіп алды.
Жеңіл атлетикадан Ислам Сәлімов ұзындыққа секіру сайысында күміс жүлдегер атанды. T13 санатында өнер көрсеткен қазақстандық спортшының үздік нәтижесі 6,30 метрді құрады.
Садақ атудан Қазақстан құрамасы да жүлдегерлер қатарына қосылды. W1 санатындағы жұптық сайыста Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеуқасым финалға дейін жетті. Шешуші кезеңде Қытай спортшыларына есе жіберген отандастарымыз күміс медальді иеленді.
Ал пара жеңіл атлетикадан Махамбет Серікқалиев ядро серпуден қола жүлдеге қол жеткізді. Ол F53 санатында 6,81 метр нәтижемен үздік үштікке енді.
Осы нәтижелерден кейін Қазақстан құрамасының қоржынында барлығы 31 медаль бар. Оның ішінде 9 алтын, 10 күміс және 12 қола жүлде бар. Ұлттық құрама Азия Пара ойындарындағы табысты өнерін жалғастырып келеді.
USD