Таразда ер адам бұрынғы әйелін есінен танғанша ұрып, бір жылға сотталды
Тараз қаласында бұрынғы жұбайына күш көрсетіп, оның денсаулығына зиян келтірген 35 жастағы ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенімен, жоғары сатыдағы сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Жамбыл облыстық соттарының мәліметінше, ерлі-зайыптылар ресми түрде ажырасқаннан кейін де бірге тұрған. 2025 жылдың тамызында тұрмыстық мәселеге байланысты араларында жанжал туындаған.
Дау барысында ер адам бұрынғы әйелінің бетінен бірнеше рет соққы жасаған. Салдарынан әйел есінен танып, кейін медициналық тексеру кезінде қолының жабық сынығы бар екені анықталған.
Арада бір ай өткенде бұрынғы жұбайлар арасында тағы да келіспеушілік болған. Әйел қолының ауырып жүргенін айтып, дәрігерге қаралу қажеттігін жеткізген. Алайда ер адам оған дөрекі сөйлеп, балағаттаған. Жанжал кезінде әйелді итеріп жіберіп, кейін кішкентай баласын алып, үйден кетіп қалған.
Істі қараған бірінші сатыдағы сот ер адамның әрекетін орташа ауырлықтағы денсаулыққа қасақана зиян келтіру деп бағалап, оны бір жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды анықтамаған.
Үкіммен келіспеген сотталушы апелляциялық алқаға жүгініп, өзін ақтауды сұраған. Алайда апелляциялық сот істің материалдарын зерделеп, бастапқы шешімді өзгертуге негіз таппады.
Осылайша, ер адамға қатысты бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы күшінде қалды. Үкім заңды күшіне енді.
USD