Қазақстанда «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғалы бері экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы 15 мыңға жуық сәби дүниеге келген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның дерегінше, 2021 жылдан бері елімізде ЭКҰ бойынша шамамен 37 мың цикл жүргізілген. Бағдарлама аясында мемлекет тарапынан бөлінетін квоталар саны да біртіндеп артып, қазіргі таңда жылына 7 мыңға дейін жеткен.
Қазақстанда отбасылардың шамамен 15 пайызы бедеулік мәселесіне тап болады. Жыл сайын репродуктивті денсаулыққа байланысты медициналық көмекке 20,5 мыңға жуық жұп жүгінеді.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылы іске қосылған. Оның негізгі мақсаты — қосалқы репродуктивті технологияларды қажет ететін отбасыларға мемлекеттік қолдауды кеңейту.
Осы жылдары елдегі репродуктивті медицина инфрақұрылымы да айтарлықтай дамыған. Мәселен, 2004 жылы ЭКҰ қызметін небәрі төрт медициналық ұйым көрсетсе, 2025 жылға қарай олардың саны 32-ге жетті. Ал қосалқы репродуктивті технологияларды қолдану циклдерінің жылдық көлемі сегіз еседен астам өсіп, 18,6 мыңға дейін артқан.
Сонымен қатар пренаталдық диагностика саласында да оң көрсеткіштер тіркеліп отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айында ультрадыбыстық зерттеу барысында туа біткен даму ақауларын анықтау деңгейі 13,8 пайызға өскен.
Министрлік мәліметінше, осы кезеңде туа біткен ақаулар мен хромосомалық бұзылыстармен дүниеге келген балалардың саны 25,6 пайызға азайған.
Ведомство бұл көрсеткіштерді репродуктивті медицина мен пренаталдық диагностика бағыттарындағы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жұмыстарының нәтижесі ретінде атап өтті.
USD