12 қазаннан бастап Қазақстанда қарыз алушыларға арналған жаңа талаптар күшіне енеді. Енді азаматтар кепілсіз несие рәсімдегеннен кейін 14 күнтізбелік күн ішінде одан бас тарта алады. Бұл жағдайда айыппұл мен өсімпұл салынбайды. Алайда ақшаны пайдаланған күндер үшін есептелген пайызды төлеу қажет болады.
Қандай несиелерден бас тартуға болады?
Жаңа ережелер банктер мен микроқаржы ұйымдары беретін кепілсіз қарыздарға қатысты. Яғни несие алу кезінде азамат пәтерін, көлігін немесе басқа мүлкін кепілге қоймайды.
Егер қарыз алушы келісімшартқа қол қойғаннан кейін ойын өзгертсе, ол 14 күн ішінде несиеден бас тартуға құқылы. Бұл ретте қаржы ұйымы оған айыппұл немесе тұрақсыздық айыбын сала алмайды.
Дегенмен несие қаражаты клиентке беріліп, ол ақшаны пайдаланған болса, сол кезеңге есептелген пайызды өтеуі керек.
Сақтандыру ақшасын қайтаруға бола ма?
Жаңа талаптар несие рәсімдеумен бірге алынған ерікті сақтандыру қызметіне де қатысты. Егер клиент сақтандырудан бас тартса, оған төленген соманың бір бөлігі қайтарылуы мүмкін. Қайтарылатын қаражаттан ережелерде көзделген шығындар шегеріледі.
Сонымен қатар банктер мен микроқаржы ұйымдары клиенттерге несие мен қосымша қызметтерден бас тарту құқығы туралы алдын ала ескертуге міндетті. Бұл ақпарат келісімшартқа қол қойылғанға дейін қолжетімді болуы тиіс.
Жаңа ережелер қашан күшіне енеді?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің №116 қаулысы 2026 жылғы 12 тамызда ресми түрде жарияланған. Құжатқа сәйкес, жаңа талаптар алғашқы ресми жарияланған күннен бастап 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Осылайша, 12 қазаннан бастап қарыз алушыларға несие шарттарын қайта қарауға және белгілі бір мерзім ішінде кепілсіз қарыздан қосымша айыппұлсыз бас тартуға мүмкіндік беріледі. Бірақ ақшаны пайдаланғаны үшін есептелген пайызды төлеу міндеті сақталады.
USD