Перизат Қайраттың Дубайдағы туысына қатысты ҚМА түсініктеме берді
Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайраттың туыстары Дубайдан бірнеше пәтер сатып алғаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа түсініктеме берді. Ведомство жарияланымдарда айтылған жылжымайтын мүлік қайырымдылыққа жиналған қаражат есебінен алынған деген болжамды тексерген.
ҚМА мәліметінше, тексеру барысында бұл жорамал расталмаған. Тергеушілер қаржылық операцияларды жан-жақты зерттеп, жымқырылған қаражатты заңдастыру тізбегін анықтаған.
Агенттік Перизат Қайраттың су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жиналған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын еске салды. Тергеу деректеріне сәйкес, ақшаға автокөліктер мен пәтерлер сатып алынған, тұрғын үйлер жөнделіп, жиһазбен жабдықталған. Сондай-ақ қаражат қымбат киімдер мен әшекейлерге, бизнес-кластағы әуе сапарларына, сәнді қонақүйлерге, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсалған.
ҚМА өкілдерінің хабарлауынша, Перизат Қайраттың Дубайда тұратын туысы оның отбасы мүшелерімен қаржылық есеп айырысу жүргізбеген. Бұған қоса, жарияланымдарда аталған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары сатып алынған. Бұл кезең «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға және Перизат Қайраттың қылмыстық әрекеті басталғанға дейінгі уақытты қамтиды.
Агенттік мәліметінше, А. ерлі-зайыптылары жиырма жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлікті сатып алу және қайта сату ісімен айналысып келеді. Олар Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін өз бетінше жүргізген.
Ведомство мүлікті бұғаттау немесе тәркілеу үшін оның қылмыстық жолмен алынғанын дәлелдейтін негіздер қажет екенін атап өтті. Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мұндай дәлелдер болған жағдайда ғана тиісті шаралар қолданылады.
ҚМА түсіндіруінше, адамның күдіктімен туыстық байланысының болуы өздігінен оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға немесе мүлкін тәркілеуге негіз бола алмайды.
USD