Ұлттық құрылтай шақыру арқылы бабалар дәстүрін жаңғыртып жатырмыз – Мемлекет басшысы
Бүгін Ұлытау облысында Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Ұлттық құрылтай басталды. Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи сәт өтіп жатқан киелі мекендегі Жошы ханның басына барып құран оқытып, құрбан шалғанын айтып өтті.
«Мен Құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан Жошы ханға құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолында тарихи қадамның киелі жерден басталуы жақсы ырым. Бәрімізді бабалардың әруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын деп тілейміз. Ұлы күш тәуелсіз Қазақстанға бет алды. «Кеңшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл содан қалса керек. Біз балалар дәстүрін жаңғыртып, елдігімізді бекемдеу үшін бүгін бас қосып отырмыз», - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент жаңа Қазақстанды құруда билік пен халықты бірігуге шақырды.
«Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Бүкіл ел болып жұмыс атқарып көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Құрылтай ежелден келе жатқан ата-дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай маңызды жиындарда талқылай отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріткірген. Біз бабалар жолын ұстанып, құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық.
Құрылтай құрамында 117 адам бар. Барлық облыстан сан түрлі буынның өкілдері қатысып отыр. Құрылтайға мен Ұлттық құрылтай атына заты сай болып, ел үмітін ақтайды деп сенемін. Құрылтай жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек. Бұл жерде шын мәнінде халықтың үні естілуі қажет. Жұрттың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін еститін азаматтар бас қосуы керек», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ