присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Биыл ел тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 215 млрд теңге бөлінді

04 мамыр 2022 15:05
Биыл ел тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 215 млрд теңге бөлінді

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселелері қаралды, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Баяндама жасаған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде сумен жабдықтау қызметтерінің қолжетімділігі 96%-ды, оның ішінде қалаларда 98,1%-ды және ауылдарда 93%-ды құрағанын хабарлады.

Ауылдарда ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Қалада сумен жабдықтау бойынша Жамбыл облысы артта қалып отыр. Сумен жабдықтау қызметтері Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарының қала тұрғындарына 100% қолжетімді.

Қ. Өскенбаевтың айтуынша, биыл нақтылауды ескере отырып, республикалық бюджеттен сумен қамтамасыз етуге 215 млрд теңге, оның ішінде қалаларда 120 млрд теңге және ауылдарда 95 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл қорытындысы бойынша қала халқының 98,5%, ал ауыл халқының 94,7% сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ аталған мәселе бойынша экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Қостанай, Ақмола және Алматы облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған Әлихан Смайылов қазақстандықтарды сумен қамтамасыз ету ең маңызды міндеттердің бірі екенін және 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы таза ауыз сумен қамтылуы керек екенін атап өтті.

Үкімет басшысы өңірлер әкімдерінің назарын ауыл ішінде жүргізіліп жатқан су құбырлары мен елді мекенге дейін тартылатын топтық су құбырларының жоспарын бір-біріне сәйкестендіруі керек екендігіне аударды.

«Кейбір топтық су өткізгіштердің құрылысы жылдар бойы аяқталмай жатқаны жасырын емес. Дегенмен қазір жағдай біршама жақсарып келеді. Құрылысы ұзаққа созылған 10 жобаның қазір 7-і пайдалануға берілді. Қалған 3 жоба биыл іске қосылады. Мұндай проблемалардың орын алуының басты себебі – негізінен жобалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуы. Соның кесірінен жоба құны бірнеше есе қымбаттап кетеді де тапсырыс берушілер мен мердігер компаниялар арасында келіспеушілік орын алады. Жаңа жобаларды іске асыру кезінде осы жайттардың барлығын ескеріп, тапсырма уақытында орындалуы қажет», — деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысы жалпы, елімізде халықты сумен қамтамасыз ету жұмыстары жақсы қарқынмен жүріп жатқанын атап өтіп, бірқатар тиісті тапсырмалар берді.

Өңірлердің әкімдіктеріне сумен жабдықтаудың кешенді жоспарларын тез арада қайта нақтылап, апатты жағдайдағы су құбырларын шұғыл түрде жөндеу қажет.

«Ауыз су мәселесі тұрғындар үшін өте өзекті. Сондықтан әрбір шешім уақытылы қабылданып, нәтижелі болуы керек», — деді ол.

Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік саясатты іске асыру барысында Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарының әкімдіктері 2023 жылы іздестіру-барлау жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды аяқтауы қажет.

Жаңадан салынатын және қолданыстағы сумен жабдықтау инфрақұрылымдарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ауылдарды сумен қамтамасыз етумен айналысатын пайдаланушы мекемелерге бірыңғай талаптарды бекітуі қажет. Сол арқылы жергілікті жерлерде қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысы толығымен ретке келтіріледі.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру