Құны 1 млрд теңгеден асатын тауарлар заңсыз тасымалданған – ҰҚК
2023 жылы жалпы құны 1 млрд 390 млн теңгеден асатын тауарды шекарадан асырмақ болғандар ұсталды, деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері шекара арқылы жалпы құны 1 млрд 390 млн теңгеден асатын тауарларды заңсыз тасымалдаудың 143 дерегі тіркелді. Күдіктілер халық тұтынатын тауарларды, автомобиль бөлшектерін, темекі бұйымдарын және тағы басқа тауарларлы шекарадан заңсыз өткізбек болды. Жалпы 1 019 құқықбұзушы ұсталды, - деп жазылған хабарламада.
ҰҚК төмендегі нақты деректерге тоқталды:
Таразда заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен шетел азаматы ұсталды.
Талдықорғанда полицияның көмегімен 2 қазақстандық ұсталды. Олардан 222 ақбөкен мүйізі тәркіленді.
Жамбыл облысының Меркі ауылында Қазақстан азаматы ұсталып, оның тұрғылықты жерінен 8 келі есірткі (гашиш) тәркіленді.
«Жаңажол» (СҚО) және «Қордай» (Жамбыл облысы) өткізу пункттерінде құны 160 млн теңгеден асатын көлік бөлшектері мен электронды темекілерді заңсыз алып өту дерегі анықталды.
Барлық факті бойынша уәкілетті органдар сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді жүргізіп жатыр. Сондай-ақ өткізу пункттерін жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін 2023 жылғы 16 қаңтардан бастап Астана әуежайында Q-Gate автоматтандырылған шекаралық бақылау жүйесі пайдалануға берілді. Жүйе Қазақстан азаматтарының төлқұжат деректерін тексереді және заңбұзушылықтар болмағанда оларды дерекқорға автоматты түрде тіркейді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ