Қайрат Сатыбалды бейнебайланыс арқылы туыстарымен сөйлесті
Астанада Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша кезекті сот отырысы басталды.
Отырыстың басында айыпталушы Сатыбалды бейнебайланыс арқылы туған-туыстарымен сөйлесті. Камераға түспеуге де кеңес берді.
"Сендерде камерада отырудың қажеті жоқ. Былай қойып, қырынан бәрін қарап отырсаңдар болады", - деді ол.
Осыдан кейін бір тілші:"Сіз қарыздың бір бөлігін қайтардыңыз ғой. Қазір не үшін айыптап жатыр?", - деп сұрады.
Айыпталушы сот аяқталмайынша түсініктеме бере алмайтынын жеткізді.
"Әлі сот біткен жоқ. Кешіріңіз, мен қазір ештеңе айта алмаймын", - деп атап көрсетті айыпталушы.
Айта кетері, биыл 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын хабарлады.
Ол "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінген. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқаны айтылған еді.
24 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ және "Көлік сервисі орталығы" АҚ-ның қаржысын ірі көлемде жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қайрат Сатыбалды – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.
Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да қамауға алынды. Ол Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бөлінген ақшаны ұрлады деп айыпталып жатыр.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ