Қазақстанда жаңа перинаталдық орталықтар салынады
Ана мен бала өлімін азайту үшін заманауи талаптарға сай перинаталдық орталықтар салынып, елдегі бүкіл перзентхана күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
"Бірінші жартыжылдықта пандемия басталғаннан бері алғаш рет жалпы өлім-жітімнің азайғанын байқап отырмыз. Өткен алты айда халық арасындағы өлім-жітім 10 процентке төмендеді. Денсаулық сақтау жүйесі түгел, толық ауқыммен жұмыс істеп жатыр. Тек COVID инфекциясымен ғана күресіп жатқан жоқ, аурулардың алдын алу, жоғары маманданған медициналық көмек дамып келеді. Көлік медицинасы, қашықтан емдеу жолға қойылды. Елде әлеуметтік-экономикалық ахуалмен қатар, денсаулық көрсеткіштері де жақсарып келеді", - деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, кейінгі 10 жылда бала өлімінің көрсеткіші құбылып тұр. Десе де 2014, 2015 және 2019 жылдары көрсеткіш күрт өскен. Министр өлім-жітімнің өсуі аналардың денсаулығымен байланысты екенін атап өтті
"Нәресте өлімі – бұл бір жылға дейінгі өлім. Көп жағдайда сәбилер перинаталдық себептерге байланысты қайтыс болады. Бұл дегеніміз балалар белгілі бір аурулармен дүниеге келеді", – деп түсіндірді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы перинаталдық орталықтардың сапасы жайлы айтты. Оның пікірінше өткен ғасырда салынған ғимараттардың материалдық-техникалық базасы ескірген.
"Шала туған және аурумен туған нәрестелерді бұл нысандарда емдеп, ұстауға тиісті жағдай жасалмаған. Нысандар халықаралық стандарттарға сай келмейді. Президенттің қолдауымен, тапсырмасымен үкімет жаңа перинаталдық орталықтардың құрылысын жоспарлайды. Сондай-ақ бүкіл перзентханаларда күрделі жөндеу жүргізіледі", – деді ведомство басшысы.
Брифинг барысында Ажар Ғиният аборт жасауға тыйым салуға қатысты да пікір білдірді. Министр бұл мәселе Қазақстанда заңнама деңгейінде реттелетінін түсіндірді.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс бойынша біздің елде әйелдердің репродуктивтік құқығы бар. Демек құрсағындағы баланы дүниеге әкелу, әкелмеу мәселесін өзі, отбасымен ақылдасып шешеді. Сондықтан елімізде абортқа тыйым салатын нормалар жоқ. Әзірге ондай тыйым салатындай нормалар енгізу қарастырылып жатқан жоқ", - деді ол.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ