ҚР СІМ басшысы Зюгановтың мәлімдемесіне жауап берді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресейлік депутат Геннадий Зюгановтың Қазақстанның солтүстік өңірлері туралы мәлімдемесінен кейін ресми наразылық берілмейтінін айтты, деп хабарлайды Taunews.kz.
«Ресми наразылық болмайды. Біз Зюгановты өзін оппозициялық партия ретінде танымал Ресей Коммунистік партиясының жетекшісі деп санаймыз. Оппозиция ылғи да ресми биліктің ұстанымынан өзгеше, тіпті оған қайшы келетін пікірді айтады.
Зюгановтың айтқан сөзін Ресейдің бірде-бір федералды арнасы көрсеткен жоқ. Мемлекет басшысының Мәскеуде болған ең жоғары деңгейдегі жұмыс сапарында Ресейдің Қазақстанға ешқандай аумақтық талаптары жоқ екендігі расталды», - деп Мұхтар Тілеуберді Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Ол Ресейдің қазіргі Коммунистік партиясы КСРО Коммунистік партиясының мұрагері екенін және сол идеологияға негізделгенін, яғни ол әлемдік социалистік революцияны жүзеге асыруды және бүкіл әлемде пролетариат диктатурасын орнатуды мақсат ететінін айрықша айтып өтті.
«Бұл видео екі ай өткеннен кейін ғана жарияланғанын айтқым келеді. Әрі бұл видеоның Украинадағы жағдай уақытында пайда болуы да кездейсоқ емес. Қарулы әскери қақтығыс ақпараттық кеңістіктегі күрестің күшеюімен қатар жүретінін және Қазақстанның ақпараттық кеңістігін де қамтитынын ескерген жөн», - деді Мұхтар Тілеуберді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ