присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Қуаңшылықтан зардап шеккен облыстарда төтенше жағдай жариялау ұсынылды

13 қыркүйек 2023 16:11
Қуаңшылықтан зардап шеккен облыстарда төтенше жағдай жариялау ұсынылды

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қазақстанда қуаңшылықтан зардап шеккен облыстарда төтенше жағдай (ТЖ) режимін жариялауды ұсынды.

Оның айтуынша, биыл Павлодар, Ақмола және басқа да облыстардағы диқандарға қиын болған.

Жауын-шашын мөлшері – 3-9%. Павлодар облысы Шарбақты және Ақтоғай аудандарында жаңбыр жауған жоқ. Мамырдан тамызға дейін жаңбыр жаумады, аптап ыстық болды. Бұл мәселені облыс әкімі мен орталық мемлекеттік органдарға айттық. 8 қыркүйекте көптеген фермердің өтініштерінен соң қайтадан Павлодарға бардық. Облыстағы жағдайдың күрделі екеніне көз жеткіздік, - деді Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Мәжілістің жалпы отырысында.

Бүгінде қуаңшылық салдарынан кей шаруашылық егістіктен 0,3-1 ц/га астық жинап жатыр. Депутаттың пікірінше, мұндай егінді жинағаннан гөрі тастап кеткен оңай. Алайда шаруаларға алған несиелерін де төлеу керек.

«Қаражат тапшылығы келесі егінге дайындықтың тиісті деңгейде жүргізілмеуіне әкеп соғады Несиелер бойынша төлем үзілістері, қарыздарды қайта қаржыландыру диқандардың несиелік тарихын бұзады. Салдарынан несиеге қолжетімділік қысқарады. Шаруаларға ұсынылған қолдау шаралары жұмыс істеп жатқан жоқ: несиелерді 3-9 айға кейінге қалдыру ең жақсы жағдайда мамырда яғни егін егу науқанында аяқталады. Несиені кейінге қалдырудың өзі қиын процесс: алқаптың құрғақшылықтан зардап шеккенін құжат жүзінде дәлелдеп, ондаған бюрократиялық кедергіден өту қажет», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Депутат қуаңшылықтан зардап шеккен облыстарда ТЖ жариялау керек деген пікірде.

Айқын нәрсені жасыруды тоқтатайық: облыс әкімдері климаттық өзгерістерге әсер ете алмайды, олар жаңбырдың жаумағанына жауап бермейді. Демек, құрғақшылық әкімнің сәтсіздігі ретінде есептелмеуі керек. Бірақ залал фактілерін жасыру, бизнес пен халыққа көмектесуден бас тарту атқарушы биліктің тікелей жауапкершілігі болып саналады, - деді ол.

Қожаназаровтың пікірінше, төтенше жағдай режимін жариялау алгоритмін реттеу керек.

«Төтенше жағдай – несие берушілер үшін бір жылдан аса мерзімге кейінге қалдырудың жалғыз заңды мүмкіндігі болып отыр. Алайда әкімдіктер бірнеше ай бойы ТЖ-ны қалай жариялау керектігін анықтап, бір орыннан қозғалмай, уақытын жоғалып жатыр. Үкіметтен әкімдіктер мен халыққа төтенше жағдай режимі қалай, кім және қандай жағдайда жарияланатынын бекітуді, түсіндіруді және жеткізуді сұраймыз. Бұл ақпаратты Қазақстан азаматтарының заңды құқығы деп санаймын», - деді депутат.

Сонымен қатар Үкімет шығындарды ғарыш мониторингі құралдарын пайдаланып, айқындауы керек.

Бүгінде фермерге келтірілген залалды тіркеу аудан әкімдіктері қызметкерлерінің көңіл күйіне байланысты болып отыр.  Фермерлерге тиесілі субсидияны жедел тәртіппен төлеу керек. Мысалы, Павлодар облысында субсидиялар бойынша қарыз 7,3 млрд теңгеге жеткен. Шаруаларға да өз өнімдерін жақсы бағамен сатуға мүмкіндік беру керек. Ол үшін шектеу шараларынан, оның ішінде күнбағыс экспортына баж салығынан бас тартуды ұсынамыз, - деді депутат.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселе бақылауда екенін атап өтті.

«Біз бұл проблемамен жұмыс істеп жатырмыз. Өңірлік ТЖ бар, аудандық ауқымдағы, облыстық және республикалық ауқымдағы ТЖ бар. Жергілікті атқарушы органдар тиісті шешімді жариялайды немесе жарияламауы да мүмкін», - деді ол отырыстан шыққан соң.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру