присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Хаменова ісі бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды

04 қазан 2022 17:40
Хаменова ісі бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша кезекті сот отырысы 13 қазанға ауыстырылды. Бұл туралы Атырау облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін сот отырысы 3 қазанда өтеді деп жоспарланған еді.

Хаменоваға қатысты іс Атырау қалалық №2 сотында қаралып жатыр. Кезекті сот отырысында тараптардың жарыссөзі басталуы қажет еді. Алайда сотқа төрағалық ететін судья Жұмағали Тәшімовтің денсаулығына байланысты отырыс 13 қазанға ауыстырылды.

ХАМЕНОВА ІСІ

2021 жылдың желтоқсанында сол кездегі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.

Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.

2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу шарасын алды.

Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырда түсті. Сот процесі 2022 жылдың 3 тамызында басталды.

Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.

Сот отырысына судья Жұмабек Тәшімов төрағалық етеді. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.

Екінші сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды.

Сот отырысының бірінде Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру