Наурыздағы ҰБТ-да талапкерлердің 70%-дан астамы шекті балл жинады
Наурыздағы тестілеуде талапкерлердің 70%-дан астамы шекті балды жинады. Бұл былтырғымен салыстырғанда 6%-ға артық.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің ұлттық тестілеуде жинаған орташа балы шамамен 69-ды құраған. Ең жоғары балл – 135.
«Наурыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығы 105 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде түлектердің 78,2%-ы қазақ тілінде, 21,7%-ы орыс тілінде, 0,2%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинады», - делінген ведомство хабарламасында.
Наурыздағы ҰБТ-ға сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 211 бала қатысты. Былтыр осы кезеңде көру, есту, тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылған 35 талапкер тестілеуден өткен болатын.
Айта кетейік, биыл алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы 40 қосымша минут берілді.
«Бейіндік пәндердің ең танымал комбинациясы - «Математика-Физика» және «Химия-Биология». Бұл пәндерді қатысушылардың 27%-ы және 19%-ы таңдайды. Ең аз таңдау «Химия-Физика» комбинациясына беріледі (0,12%).
«Наурыздағы ҰБТ сұрақтарының форматы мен саны өзгеріссіз қалды. Бірақ біз үміткерлерге бірнеше қосымша қызметті қостық. Олардың ең маңыздысы, жеке тақырыптық талдау. Енді түлек тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпай саны туралы ғана ақпарат алып қоймай, сонымен бірге қандай тақырыптарды білетіні, қайсысын толық білмейтіні туралы қосымша талдаулар алады. Бұл оқушыға жеке тақырыптарға көбірек уақыт бөлуге және қателермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Тағы бір қызмет – IT бағыттарына түсетіндер үшін «Математика-Информатика» комбинациясын таңдау. Физика биыл негізгі пән болып қалатынына және жаңашылдықтың өзі 2022-2023 оқу жылында енгізілетініне қарамастан, наурыздағы тестілеу кезінде бұл комбинацияны 800-ге жуық адам таңдады.
Сонымен қатар біз металдардың белсенділерін қосу арқылы пайдалануға рұқсат етілген тұздың ерігіштігі кестесін жаңарттық. Бұл жаңалықтың барлығы тест тапсырушылардың пікірлерін ескере отырып, сондай-ақ негізгі ҰБТ-ға дайындық сапасын арттыру мақсатында енгізілді», - деп айтты Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Былтырғы қаңтар айындағы ҰБТ-мен салыстырғанда тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеттері де азайған. Смартфондарды, парақтарды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеті салдарынан тестілеуден өту мүмкіндігінен 99 үміткерден айырылды.
Естеріңізге салайық, ҰБТ-ға кіру үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID тұлғаны сәйкестендіру арқылы жеке куәлік және отырған адамның жеке басын анықтау. Биыл тестілеу «бір компьютер – екі камера – бір тестілеуші» қағидасы бойынша жүргізіліп жатыр. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін 259 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды.
Айта кетейік, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы тестілеуден өткендерді ақпараттық қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Наурыз айындағы ҰБТ кезінде 500-ге жуық жазбаша өтініш электронды пошта арқылы, 2 500-ге жуық қоңырау call-орталыққа түсіп, әлеуметтік желілерде 11 мыңнан астам өтініш қабылданып, өңделді. Талапкерлердің сұрақтары негізінен тестілеуге қатысуға, жеке кабинетке кіруге, техникалық қолдауға және т.б. байланысты болды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ