Президент: Жаңа партиялардың пайда болуы болжанып отыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайлауға түсетін депутаттардың Мәжілістегі мандатына қатысты пікір білдірді.
«Ассамблея біздің бейбітшілік пен келісім саясатымызға берік институционалдық тірек қызметін атқара беретініне сенімдімін. Бүгінгі сессияның міндеттері – саяси жүйені реформалаудағы Ассамблеяның орны мен рөлін айқындау, оның одан әрі даму векторын белгілеу. Біз саяси модернизацияның іргелі құрамдас бөлігі «біз басқамыз – біз теңбіз» қағидасы болып табылатындығынан шығамыз», дейді Президент.
Оның айтуынша, Мәжілістегі Ассамблея квотасының күшін жою демократиялық сайлау стандарттарын сақтауға қатысты болған бірқатар мәселелерді шешеді.
«Бұл ретте Ассамблея сенаторлары ұлттық интеграция мен этникалық-мәдени әртүрлілік негізінде Қазақстан этностарының мүдделерінің бүкіл кешенін қорғайтын болады. Бұл модель халықаралық тәжірибе мен Қазақстанның парламенттік жүйесінің ерекшеліктерін лайықты түрде көрсетеді. Осыған байланысты Ассамблея Сенат депутаттығына кандидаттарды іріктеудің тиімді және ашық рәсімдерін әзірлеуі керек. Осы мәселелердің барлығы жаңартылған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңда көрініс табуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент партиялық және сайлау жүйелерін реформалау барлық азаматтардың сайлау үдерістеріне қатысуы үшін жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бүкіл сайлау ландшафтын қамтитын жаңа партиялардың пайда болуы болжанып отыр. Партиялық тізімдер, сондай-ақ бір мандатты округтердегі кандидаттарды сайлау шынымен де Қазақстанның этникалық әртүрлілігін көрсететініне сенімдімін. Бұған қоса, біз ешбір жағдайда ұлтаралық факторды саясиландыруға, бұл тақырыптағы зиянды, тіпті арандатушылық пікірталастарға жол бермеуіміз керек. Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің ортақ азаматтық құндылықтарды ұстануы және елдегі қоғамдық саяси өзгерістерге араласуы маңызды. Бұл біздің Тәуелсіздік жылдарындағы үлкен жетістігіміз және оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз», дейді Мемлекет басшысы.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ