Ресейдің SWIFT жүйесінен ажыратылуы Қазақстанға қауіп төндірмейді – Ұлттық банк
26 және 27 ақпанда АҚШ және Еуропа елдері Ресейдің жекелеген банктерін SWIFT-тен ажырату және Ресейдің Орталық Банкі активтерінің жұмысына тыйым салу арқылы Ресейдің қаржы секторына қатысты бұрын-соңды болмаған шектеу шараларының жаңа топтамасы туралы жариялады.
Өз кезегінде Ұлттық банк Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне тигізетін әсерін өз бақылауына алды. Бұл туралы Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында айтты.
Ұлттық Банк Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсерін барынша азайту мақсатында дағдарысқа қарсы шараларды іске асырмақ.
«Кеше сыртқы нарықтардағы жоғары белгісіздік аясында Ресей рублі құбылмалылығының жоғарыланған ықпалын алдын алу мақсатында Ұлттық Банк теңге – доллар валюта жұбы бойынша сауда-саттықты франкфурттық аукцион режимінде өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте, артық құбылмалылықты болдырмау үшін Ресей Федерациясында толыққанды сауда-саттық тиісінше ашылып, Ресейдің Орталық Банкінің шаралары жария етілгенге дейін теңге – доллар жұбымен сауда-саттықты ашу кейінгі қалдырылды»,- деді Пірматов.
Сауда-саттық қорытындысы бойынша теңге бағамы бір доллар үшін 495 теңге 00 тиын деңгейінде қалыптасты. Ал сауда-саттық көлемі 159,5 млн долларды құрады.
Құбылмалылықтың жоғарылауын ескере отырып, ҚРҰБ-ның валюталық интервенциялары 98,1 млн доллар немесе сауда-саттық көлемінің 61,5%-ы болды.
«Ресейдің жекелеген банктерінің SWIFT-ке кіру рұқсатын бұғаттау Қазақстан ішіндегі төлемдерді жүргізуге әсері тимейтінін және елдің төлем нарығына тікелей қауіп төндірмейтінін атап өтеміз. Қазақстан банктерінің ел ішінде клиенттік және меншікті төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу жөніндегі барлық операциялары штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр», - деді ол.
Еліміздің бас банкирі SWIFT жүйесінен ажыратылған Ресей банктерінің клиенттерімен трансшекаралық операцияларды қамтамасыз ету үшін өзара есеп айырысуларды жүргізудің балама тетіктері дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ