присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

ТМД елдері қашқын жемқорларды бір-біріне беруге келісті

27 қазан 2022 09:51
ТМД елдері қашқын жемқорларды бір-біріне беруге келісті

Биыл 14 қазанда Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оның шеңберінде мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойды.

Аталмыш құжат 2008 жылы әзірленіп, тек 2022 жылы тараптар түпкілікті редакциясына және жоғары деңгейде қол қою туралы келісті. Келісімнің қолданылуы сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстық істер бойынша жәрдем көрсетуге; сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге ықпал ететін үйлестірілген және келісілген іздестіру іс-шараларын және басқа да шараларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Осы келісімнің аясында кеше бейнеконференция форматында құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан кіретін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекетаралық кеңестің (бұдан әрі – Кеңес, СЖҚІМАК) 7-отырысы өтті. СЖҚІМАК өз қызметінде ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесіне есеп береді.

Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің Қазақстан Республикасының атынан кеңеске төрағалық еткендігін атап өту қажет.

Жыл бойы агенттік кеңеске қатысушы елдердің құзыретті органдарымен және ТМД-ның атқарушы комитетімен бірлесіп, 2008 жылы әзірленген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісім жобасын мемлекетішілік және мемлекетаралық келісу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Ол бойынша консенсусқа және өзара қолайлы редакцияға қол жеткізілді.

Келісімнің қолданылуы құқықбұзушылықтармен күресте ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында келісілген саясатты әзірлеуге және жүргізуге ықпал ететін болады. Атап айтқанда:

сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстық істер бойынша жәрдем көрсетіледі;

сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша үйлестірілген және келісілген жедел-іздестіру, жедел-профилактикалық іс-шаралар және арнайы операциялар жүргізіледі;

сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды іздестіру, ұстау және ұстап беру, сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді қайтару саласында ынтымақтастықты жүзеге асырылады;

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында ақпараттық жүйелер құрылады және пайдаланылады;

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық стратегиялары, бағдарламалары мен жоспарлары әзірленеді;

сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелерімен алмасу жүзеге асырылады;

кадрлардың біліктілігі арттырылады және т.б. жүзеге асыру көзделіп отыр.

СЖҚІМАК отырысы барысында тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қатысушы мемлекеттердің тәжірибесін қарады. Сондай-ақ заңсыз баю және сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру туралы қылмыстарды тергеу кезінде халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша СЖҚІМАК шешімімен кеңесте кезекті отырысқа дейінгі кезеңге төрағалық ету Қырғыз Республикасына берілді.

Агенттік СЖҚІМАК алаңын сындарлы диалогтың маңызды және пайдалы құралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық өзара іс-қимыл үшін перспективалық алаң ретінде пайдалануды жалғастырады.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру