Тоқаев агроөнеркәсіп кешені туралы: Делдалдар санын азайту қажет
Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындауды тапсырды.
"Менің тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалды. Дегенмен, мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіні анық. Өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет. Мұнымен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс",- Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауыл шаруашылығы министрлігіне осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруды тапсырды.
Президент өнімді сату мәселесін де тілге тиек етті.
"Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн. Сондықтан фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын",- Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек» екенін айтты. Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады.
"Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондай-ақ, өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін, ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуге тиіс",- Қасым-Жомарт Тоқаев.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ