Тоқаев әділет министрі Қанат Мусинді қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әділет министрі Қанат Мусинді қабылдады, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Президентке министрліктің былтыр атқарған жұмыстарының нәтижелері мен 2022 жылы мән берілетін басым бағыттар жөнінде баяндалды. Биыл 26 заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына енгізіледі деп жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекет мүддесінің қазақстандық және халықаралық соттарда қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде мәлімет берілді. Қазір министрлік 25 іс бойынша мемлекет мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олардың 14-і халықаралық арбитраждардың, 5-уі шетелдік соттардың қарауында жатыр, 6 іс сотқа дейінгі өндірісте қаралады.
Сонымен қатар, Қанат Мусин сот актілерінің орындалуына қатысты жағдай мен халыққа заңгер көмегінің берілуі жөнінде есеп берді. Әділет министрінің айтуынша, 122 мыңнан аса азамат кепілдендірілген заң көмегін алған, осы мақсатта 1,8 миллиард теңге бөлінген. Әлеуметтік жағдайы төмен 11 мыңнан аса адам заңгер көмегін тегін алған.
Президент Әділет министрлігінің 2022 жылға арналған жоспарымен танысқаннан кейін әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған заңгерлік қызмет көрсету ісіне ерекше назар аударуды тапсырды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ