Елімізде зейнеткерлік жас алдында жұмысқа орналастыру жөніндегі жоба іске қосылады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) зейнеткерлік жас алдындағы жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» арнайы жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бастаманы іске асыру 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүргізілетін болады.
Жыл сайын жоба 5 мың адамды қамтиды деп күтілуде.
Қазіргі уақытта «Күміс жас» жобасын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актіні (бұдан әрі – НҚА) әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
«НҚА-да жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қойылатын бірқатар талап көзделетін болады. Осылайша, жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан және тұрақты салық және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізетін, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады.
«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос жұмыс орындарынан тыс құрылатын болады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда және ұлттық кәсіптер сыныптауышына сәйкес біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын мамандықтар/кәсіптер бойынша құрыла алмайды», - делінген ведомство хабарламасында.
«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды және қатысу кезеңінде халықты жұмыспен қамту орталығы зейнет жасы алдындағы адамдар жалақысының бір бөлігін бюджет қаражаты есебінен субсидиялайды.
«Жалақыға берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің 50%-ын құрайды, бірақ экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, 30 АЕК-тен аспайды.
Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жас алдындағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады», - деп жазды министрлік.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ