присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Ералы Тоғжанов ғылымды дамыту бойынша кеңес өткізді

05 наурыз 2022 10:28
Ералы Тоғжанов ғылымды дамыту бойынша кеңес өткізді

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ғылымды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңеске Президент әкімшілігінің, салалық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 

Вице-премьер ғылымның өндіріспен өзара байланысының маңызды рөлін, халықтың еңбек табысын өсірудегі ғылымның үлкен әлеуетін атап өтті. Халықтың табысын арттыру бағдарламасының жобасында 1700 жаңа жұмыс орнын құра отырып, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландырудың 200-ге жуық жобасын іске асыру көзделген. Е.Тоғжанов халықтың еңбек табысын арттыруға ғылымның үлесін күшейту жөніндегі шараларды қосымша пысықтауды тапсырды.

Кеңесте ғалымдарды қолдау, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту, ғылым, өндіріс пен бизнестің өзара іс-қимылын кеңейту жөніндегі нақты шараларды қамтитын ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы талқыланды. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі техникалық ғылымдарды, инжиниринг пен технологияларды дамытуға баса назар аудара отырып, 951 перспективалы ғылыми әзірлемелердің тізімін таныстырды.

Бұдан басқа, салалық мемлекеттік органдар жанынан ғылыми-техникалық кеңестер құру арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға аударымдарын бөлу тетігі қаралды.

Кеңеске қатысушылардың ұсыныстарын тыңдаған Премьер-Министрдің орынбасары зерттеулердің өндірістік ғылымға әсерін күшейту, халықаралық технологиялық компанияларда қызмет ететін жетекші ғалым отандастарды тарту, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің үлесін арттыру, экономика мен әлеуметтік саланың нақты міндеттерін шешу үшін ғылыми институттардың, кәсіпорындардың зертханалық жабдықтарды бірлесіп пайдалануы бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру