присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Ұлттық банк наурызда 990,5 млн АҚШ долларына валюталық интервенциялар жасады

01 сәуір 2022 11:36
Ұлттық банк наурызда 990,5 млн АҚШ долларына валюталық интервенциялар жасады
Сыртқы күтпеген өзгерістердің ел экономикасына ықпалының алдын алып, ішкі валюта нарығындағы теңгерімді ұстап тұру үшін наурыздың бірінші жартысында Ұлттық банк 990,5 млн АҚШ долларына валюталық интервенциялар жасады.
"Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату наурыз айында 890,9 млн АҚШ долларға шықты. Ұлттық банктің валюталық интервенциялары мен Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 55%-ына тең болды,"- ҚР Ұлттық банкі.

Банк өкілдерінің мәлімдеуінше, Ұлттық банк БЖЗҚ мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлардың зейнетақы активтері үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операцияларды жүзеге асырмаған.

Геосаяси шиеленістің жоғары деңгейіне байланысты 2022 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша, теңге тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, бір АҚШ доллары үшін 512,17 теңге болды. Алайда, осыдан кейін ұлттық валюта қозғалысының бағыты нығаю жағына қарай өзгерді.

Осылайша, 31 наурызда KASE биржалық алаңындағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңге бағамы наурыз айының басынан бастап 5,7%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 467,03 теңге деңгейінде қалыптасты. Халықаралық қаржы нарықтарындағы түзету, сондай-ақ салықтық төлемдер кезеңі аясында теңге нығайды.

Банк өкілдері қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болатынын айтып отыр.

"Бұл ретте Ұлттық банк экономикадағы құрылымдық өзгерістер, мемлекеттің жеңілдікпен кредиттеуінің азаюы, сондай-ақ айырбастау бағамының еркін өзгеру қағидаттарын ұстану қажетті талабы болып табылатын инфляциялық таргеттеудің толыққанды режиміне көшу жұмысын жалғастырып жатқанын атап өткен жөн,"- ҚР Ұлттық банкі.

Ұлттық банк теріс сценарийлер іске асырылған жағдайда ішкі қаржы нарығында тұрақсызданудың алдын алуға қажетті барлық құралдарға ие екенін және жағдайды қадағалауды жалғастыратынын мәлімдеді.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру