Ақмола облысында ер адам жүк пойызының астына түсіп көз жұмды: қылмыстық іс қозғалды
Ақмола облысының Шортанды ауданында қайғылы оқиға болды. Теміржол бойында отырған ер адамды жүк пойызы қағып, ол алған жарақатынан оқиға орнында жан тапсырды. Осы жағдайға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Nayza Kokshe мәліметінше, оқиға 19 қараша күні күндіз Шортанды кенті мен Дамса ауылының арасындағы теміржол учаскесінде болған. Алдын ала ақпарат бойынша, ер адам теміржол рельсінің үстінде отырған.
Жүк пойызының машинисі адамды шамамен 300 метр жерден байқап, бірден шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан. Алайда пойызды дер кезінде тоқтату мүмкін болмаған. Салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша 19 қарашада Астана станциясындағы желілік полиция басқармасы қылмыстық іс тіркеген.
Қазіргі уақытта іс теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша тергеліп жатыр.
«Қазір тергеу басталып, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция.
Осыған байланысты Көліктегі полиция департаменті тұрғындарды теміржол маңында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Мамандар теміржолды тек арнайы белгіленген өткелдер арқылы кесіп өтуді, пойыз жақындаған кезде құлаққап пен бас киімді шешіп, айналадағы жағдайға назар аударуды ескертеді. Сондай-ақ платформаның шетіне жақын тұруға және вагондардың төбесіне шығуға болмайды. Өйткені теміржолдағы жоғары кернеу ауыр жарақатқа немесе адам өліміне әкелуі мүмкін.
USD