Қостанайда екі зейнеткерді алдап, 23,5 млн теңге алған курьер алты жылға сотталды
Қостанай қаласында егде жастағы екі әйелді алдап, қомақты қаржысын иемденген ер адамға сот үкімі шықты. Ол өзін курьер ретінде таныстырып, алаяқтық схемасына қатысқан. Нәтижесінде зейнеткерлер 23,5 млн теңгесінен айырылған.
Кассациялық соттың мәліметінше, ер адам екі әйелдің де үйіне барып, өзін Рустам деп таныстырған. Ол алаяқтардың тапсырмасымен ақшаны тікелей зейнеткерлердің қолынан алған.
Қаскөйлер екі әйелді әртүрлі сылтаумен алдаған. Бір зейнеткерге немересінің жол-көлік оқиғасына түскенін айтса, екіншісіне қызының көлікпен адам қағып кеткенін хабарлаған. Осылайша, туыстарын қиын жағдайдан алып шығу үшін шұғыл ақша қажет екеніне сендірген.
Қорыққан әйелдер алаяқтардың талабына көнген. Курьер олардың қолынан жалпы сомасы 23,5 млн теңге болатын ақшаны алып кеткен.
Сот отырысында айыпталушы өзіне тағылған жауапкершілікті мойындағысы келмей, тек ақшаны жеткізуге келген адам екенін айтқан. Сондай-ақ өзі де алаяқтардың құрбаны болғанын алға тартқан.
Алайда сот істің мән-жайын қарастырып, ер адамды кінәлі деп таныды. Нәтижесінде ол алты жылға бас бостандығынан айырылды.
USD