Алматыда нигериялық мұғалім қазақ тілін рэп арқылы үйреніп, оқушыларына да үйретіп жүр
Қазақстанда Аджи Найман есімімен танылған нигериялық Аджибола Аканни қазақ тілін меңгерудің тың тәсілін таңдаған. Ол тіл үйрену үдерісін музыкамен ұштастырып, жаңылтпаштар мен сөз тіркестерін рэп ырғағына салып орындап жүр. Жақында осы бағыттағы еңбегін жеке музыкалық туынды ретінде де ұсынған.
Қазір Алматы мектептерінің бірінде ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін шетелдік ұстаз жаңа әдісін оқыту барысында да қолданады. Ол рэп пен әуенді пайдалану арқылы оқушылардың жаңа сөздерді есте сақтауына және тілге деген қызығушылығын арттыруға тырысады.
Жуырда мұғалімнің қазақ тіліндегі өнерін көрсеткен видеосы Instagram желісінде кеңінен таралып, миллионнан астам қаралым жинаған.
Аджибола Аканнидің айтуынша, ол Нигерияның Лагос қаласында дүниеге келген. Ұлты – йоруба. Алғашында психология мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған, кейін білім беру саласында білімін жалғастырған. Сондай-ақ Қазақстанда менеджмент мамандығы бойынша магистр атанып, ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған Cambridge CELTA халықаралық сертификатын иеленген.
Қазіргі уақытта ол докторантурада оқып, ғылыми диссертациясын жазып жүр.
Осылайша, нигериялық ұстаз қазақ тілін үйреніп қана қоймай, оны музыка арқылы өзгелерге де насихаттап, ерекше әдісімен көпшіліктің назарын аударып отыр.
USD