Қазақстанда дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысына қосымша ақы енгізілуі мүмкін
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға бағытталған қаулы жобасын әзірледі. Құжат 28 қазанда жарияланып, қазіргі уақытта көпшілік талқылауына шығарылған.
Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда берген тапсырмасын орындау аясында қолға алынған.
Министрлік ұсынған өзгерістерге сәйкес, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында жұмыс істейтін бірқатар маманға еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төлеу қарастырылған.
Атап айтқанда, учаскелік терапевтерге, педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, сондай-ақ учаскелік және жалпы практика мейіргерлеріне, фельдшерлерге, акушерлерге, патронаждық және мектеп мейіргерлеріне мынадай үстемеақы ұсынылып отыр:
- 2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі болса – лауазымдық айлықақының 20%-ы;
- 3 жылдан астам еңбек өтілі болса – 30%-ы;
- 5 жылдан астам еңбек өтілі болса – 50%-ы.
Сонымен қатар медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында халықты сүйемелдеуге тікелей қатысатын медициналық емес қызметкерлерге де қосымша төлем қарастырылған.
Атап айтқанда:
- психологтарға базалық лауазымдық айлықақының 300%-ы;
- әлеуметтік қызметкерлерге базалық лауазымдық айлықақының 200%-ы мөлшерінде үстемеақы төлеу ұсынылған.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл қосымша төлемдер аталған мамандардың психоэмоциялық және физикалық жүктемесін ескеруге бағытталған.
Айта кетейік, әзірге бұл өзгерістер күшіне енген жоқ. Қазіргі уақытта қаулы жобасы талқыланып жатыр. Соңғы шешім құжаттың қабылдануы мен бекітілуіне байланысты болады.
USD