Қазақстанда дінді жамылып, түрлі қылмыс жасаған қылмыстық топтарға қарсы ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері осындай 22 қылмыстық топтың 64 мүшесі ұсталған.
Полиция атқарылған операциялардың нәтижесін жариялап, күдіктілерге қатысты жүргізілген жұмыстар түсірілген бейнематериалды да ұсынды.
Тергеу барысында ұсталған топ мүшелерінің бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі саудасына қатысы бары анықталған. Кейбірі қылмыс жасау кезінде қару-жарақ сақтаған. Мұндай қылмыстық топтар Алматы қаласы мен Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында анықталған.
Мәселен, Алматыда діни көзқарасты бүркеніш еткен төрт адам жергілікті тұрғыннан 7,5 млн теңге ұрлаған. Сот олардың әрқайсысына 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Петропавлда радикалды көзқарастағы әйелдің төрт алаяқтық дерекке қатысы бары белгілі болды. Оның әрекетінен жәбірленушілерге келген шығын 2 млн теңгеден асқан. Сот әйелді 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Ал Павлодарда радикалды көзқарастағы тұрғынның алаяқтыққа қатысты 17 іске қатысы анықталған. Бұл қылмыстардан келтірілген шығын көлемі 8 млн теңгеден асқан. Сот оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын берді.
ІІМ мәліметінше, діни экстремизм идеологиясын ұстанушылардың жалпы 155 қылмысқа қатысы анықталған. Жедел іс-шаралар барысында олардан 114 атыс қаруы, үш суық қару, жеті граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленген.
Құқық қорғау органдары экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстардың алдын алуға да басымдық беріп отыр. Соның ішінде интернет арқылы радикалды идеологияны таратып, діни араздық қоздырған азаматтар да жауапқа тартылған.
Мәселен, Ақтөбе тұрғыны әлеуметтік желіде өзге дін өкілдерін қорлайтын жазбалар жариялап, діни араздықты ашық түрде қоздырған. Сот оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Сондай-ақ Ақтөбеде зорлық-зомбылық әрекетін жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталған. Сот оның терроризмді насихаттағанын анықтап, 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Ал Түркістан облысында жергілікті тұрғынның халықаралық террористік ұйым ретінде танылған «Өзбекстан ислам қозғалысының» идеологиясын белсенді түрде таратқаны анықталды. Ол осы әрекеті үшін 7 жылға сотталды.
Полицияның мәліметінше, мұндай қылмыстардың жолын кесу және радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
USD