Астанада Есіл өзенінің суы күрт азайды: жағалауға шағалалар жиналды
Астанада Есіл өзенінің Ермек Серкебаев көшесі маңындағы бөлігінде су деңгейі бір түннің ішінде айтарлықтай төмендеген. Өзен табанында қалған балықтарға шағалалар үймелеп, бұл көрініс тұрғындардың назарын аударды.
Осы жағдайға байланысты редакция қала әкімдігіне ресми сауал жолдады. Әкімдік өкілдері өзендегі су деңгейінің өзгеруін реттеуші бөгет құрылысына қатысты жұмыстармен түсіндірді.
Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, Есіл өзеніндегі реттеуші бөгеттің бесінші кезегін салу жұмыстары жоспарға сәйкес аяқталған. Енді өзендегі су деңгейін қайта көтеру кезеңі басталмақ.
«Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталды, енді су деңгейін көтеру жұмыстары басталады. Жиналған су ескі арнасы арқылы ағызылды. Су басу жағдайлары тіркелген жоқ. Жағдай бақылауда», – деп хабарлады әкімдік.
Сонымен бірге, ведомство су деңгейінің бұрынғы қалпына нақты қашан келетіні және өзеннің тартылған бөлігінде қандай деңгейге дейін көтерілетіні жөнінде әзірге қосымша ақпарат ұсынбады.
USD