Түркістан облысында бір жастағы баланың өңешінен сырға алынды
Түркістан облысында бір жасар сәби сырға жұтып қойып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Алғашында бала аудандық ауруханаға жеткізіліп, медициналық тексеруден өткен. Рентген нәтижесінде бөгде заттың орналасқан жері анықталғаннан кейін сәби облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды.
Мамандардың жедел әрекетінің арқасында сырға баланың өңешінен сәтті шығарылды. Дәрігерлер эзофагоскопия әдісін қолданып, қажетті медициналық көмек көрсетті.
Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, қазіргі уақытта сәбидің жағдайы тұрақты. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Дәрігерлер ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Мамандардың айтуынша, кішкентай балалар айналасындағы заттарды аузына салу арқылы танып-білуге бейім келеді. Сондықтан сырға, тиын, түйме секілді ұсақ заттарды сәбилердің қолы жетпейтін жерде сақтау қажет.
Мамандар ата-аналарға баланы қараусыз қалдырмауға және тұрмыстағы ұсақ заттардың қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармауға кеңес береді.
USD