Ақмола облысында 77 жылқы ұрлады деген күдікпен әкесі мен ұлы ұсталды
Ақмола облысында 77 жылқыны ұрлады деген күдікке ілінген әкелі-балалы екі адам қолға түсті. Полиция олардың ұсталған сәтінен бейнежазба жариялады.
Оқиға биыл мамыр айында басталған. Ерейментау ауданының тұрғыны 77 жылқысының жоғалғанын айтып, құқық қорғау органдарына арызданған. Алайда күдіктілерді анықтауға бірнеше ай қажет болған.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер — Степногорск қаласында тұратын әкесі мен ұлы. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар көктемде Ерейментау ауданынан жылқыларды заңсыз алып кетіп, Степногорск маңындағы қораға қамап қойған. Кейін малды біртіндеп сатып отырған.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, бес айдың ішінде олар 37 жылқыны өткізіп үлгерген. Сатудан түскен қаражат 25 миллион теңгеден асқан.
Ал қалған 40 жылқы иесіне қайтарылған.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.
USD